Tag Archives: Экономист

«Бізге ештеңе болмайды деп ойлау – қате»: Экономист Трамптың соңғы мәлімдемесі туралы (ВИДЕО)

«Qasqa Jol» подкастында қоғам белсендісі, саясаттанушы Жангелді Шымшықов Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайына қатысты маңызды пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Оның айтуынша, АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдемелері Қазақстанға да тікелей қатысы бар үлкен ескерту. Шымшықовтың сөзінше, Америка Құрама Штаттары Қытай мен Ресейге бағытталған қатаң санкциялар жарияласа да, бұл процесс Қазақстанды айналып өтпейді. Себебі біз осы екі алпауыт мемлекеттің дәл ортасында орналасқан стратегиялық аймақпыз.

“Біз көршілерімізге салынған экономикалық санкциялардың арасында қаламыз. Бұл – біздің экономикамызға, логистикамызға, тіпті ұлттық қауіпсіздігімізге дейін әсер ететін мәселе. Қазақстан үшін бұл ескерту – үлкен белгі. Әлемдік саяси шахмат тақтасында бізге де жүріс жасау керек,” – деді Жангелді Шымшықов.

Саясаткер подкастта Қазақстанның алдағы жылдары геосаяси қысымға түсуі мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, егер билік тарапы қазіргі жағдайды дұрыс сараламаса, Қазақстан аса қиын таңдау алдында қалады.

“Қазақстан билігі бұл мәселені дұрыс түсінуі керек. Ресей мен Қытайдың ортасында отырып, бізге ештеңе болмайды деп ойлау – қате. АҚШ Трамп арқылы немесе басқа президент арқылы бізге ‘өз бағытыңды таңда’ деген белгі беріп отыр,” – дейді сарапшы.

Жангелді Шымшықов Трамптың сөзін тікелей Қазақстанға арналды деп айту қиын екенін, бірақ астарлы мағынада бұл – бізге жасалған ескерту екенін атап өтті.

“Америка ашық айтпайды, бірақ астарлап айтты: ‘Кімнің жағындасыңдар? Қай тарапты таңдайсыңдар?’ деген сұрақ тұр. Егер біз Ресей мен Қытайға тым жақындап кетсек, Батыстың экономикалық санкциялары бізге де тиеді. Егер тепе-теңдікті сақтамасақ, қауіп күшейеді. Бұл – үлкен саясаттың шындығы,” – деді ол.

 

Үкімет халықтың кедейлігін мойындағысы келмейді — Мақсат Халық

Белгілі экономист Мақсат Халық Qasqa Jol ютуб-арнасында қонақта болып, ел экономикасында болып жатқан біраз дүниеннің бетін ашты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Эконмистің айтуынша, ел халқының материалдық жағдайы күн өткен сайын төмендеп, азаматтар кедейленіп бара жатыр.

«Қазақстанның халқы — кедей, өзі — бай ел. Бұл тіркес бүгінгі күннің ақиқаты болып отыр. Бірақ халықтың кедейлігін Үкімет мойындағысы келмейді. Елімізді орта державадағы мемлекет деп атайды. Бұлай айтуы идеологиялық тұрғыда дұрыс шығар. Ал халықтың өмір сапасына қарайтын болсақ, азаматтарымыздың төлем қабілеті жыл сайын нашарлап жатқанын байқаймыз. Осыдан 1-2 жыл бұрын жалақыға бір дүние сатып ала алатын болса, қазір жалақыларына дұрыс күн көре алмайды. Халықтың қазіргі жағдайы осындай. Одан кейін жұмыспен қамту мәселесі де әлі бір жолға қойылған жоқ. Жұмыссыздардың саны Үкімет есебі бойынша бір басқа, нақты жұмыссыздар саны бір басқа. Статистикада жұмыссыздарды 5% деп көрсетеді, ал Президентіміз 9% деп айтты. Сонда Президенттің өзі статистикаға күмәнмен қарап отыр. Сол үшін реалды түрде жұмыссыздардың санын нақты анықтап алу керек. Өйткені жұмыспен қамту орталықтарына барып тіркелмегендердің саны қаншама. Шенділер есеп бергенде халықтың табысы артып жатқанын айтады. Бірақ ол — атаулы жалақы. Ал нақты жалақы сіз өткен жылы алған 300-400 мың теңге ақшаңызбен осы жылы қандай да бір заттар ала аласыз ба деген нақтылықты көрсетеді. 5%-ға айлықтың өскенін көреміз, ал азық-түлік бұл ретте 10%-ға өсіп жатыр. Бейресми статистикада бұл өсім одан да көп. Азаматтардың табысы қымбатшылықтың артынан қуып жете алмай келе жатыр», — деді Мақсат Халық.

Білікті экономистің сұхбатын толық көру үшін төмендегі видеоға басыңыз немесе сілтеме арқылы өтіңіз: «Ұрланғаны 200 млрд $, сыртқы қарызымыз 163 млрд $» — Мақсат Халық

Экономист: Халыққа су тасқыны ауыр соққы болды

Фото: Видеодан кадр

Қазақстанда су тасқынынан қираған үйлердің құны қалай есептеледі? Зардап шеккен, дүние-мүлкінен бір сәтте айырылып қалған халық қайда құжат тапсыруы тиіс? Қазіргі халықтың экономикалық әлеуметі қандай? Бұл туралы экономист-сарапшы Жанкелді Шымшықов «Qasqa jol» ютуб каналына берген айтты, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Тәжірибелі экономистің пайымдауынша, қазір су тасқыны әбігерге салған халықтың жағдайы мәз емес. Ал олардың әлеуметтік ахуалын жақсартып, қалыпқа келтіру үшін біраз уақыт қажет.

Оның сөзінше, бұған дейін онсыз да банктерге 7 трлн теңге қарыз болып отырған халыққа су тасқыны ауыр соққы болды.

«Қазір су тасқынының зиянын нақты цифрлармен айту өте қиын. Өйткені айтылды ғой, мұндай апат 80 жылда бірінші рет болып жатыр деп. Ең бірінші кезекте адам шығыны. 10-ға жуық шығын болды. Екінші, жануарлар дүниесінен төрт түлік мал шығыны бар. Жылқы малы көп қырылды, ірі қара мал кетті. Олардың санын қазір атау оңай емес. Бұл тұрғыдан әр ауданның өз есебі болу керек», — деді экономист.

Бұл ретте, бағдарлама жүргізушісі «Мысалы, кеше Қанат Бозымбаев «200 млрд шығын болды» деп болжам жасағанын тілге тиек етті.

«Енді 200 млрд дегені ең төменгі есебі. Өйткені халықтың алған кредиті 7 триллионнан асып жығылады. 7 трлн! Жылына 1 млн, 100 мың теңге орта есеппен әр адам өзіне жұмсайды. Ал мұндай көрсеткіш Алматы секілді қалада 1,5 млн. Соған қарағанда мына кеткен шығындарды салыстырып кішкентай болса да түсінуге болады. Сондықтан да 200 млрд деген жай шопақ. Ол кем дегенде 10 есе жоғары болады. Қаншама үйді су шайып кетті. Қаншама жойылған жол бар, оларды жоюға қаншама ақша кетеді. Сіз білесіз бе? 1 шақырым, 4 қатарлы жолды салу үшін 40 млрд ақша кетеді. Сондықтан 200 млрд шығын келді деу жай ғана «шопақ», түкке тұрғысыз есеп», — деді маман.

«Табиғаттың мінез көрсетіп жатқаны болар»: Танымал экономист жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды

Фото: altyn-orda.kz

Қаржы сарапшысы, қоғам қайраткері Сәбит Рысбаев Facebook парақшасында қазіргі таңдай әлеуметтік желіде ақпараттық хаос болып жатқанын, су тасқынына байланысты халық кейбір расталмаған ақпаратқа сенетін жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде байбалам көбейіп кетті. Қайсы ақпараттың рас, қайсысы жалған екенін де біле алмай қалдық. Айдың күннің аманында өткенде Тараздағылар шулап жатыр. Қырғыздан келетін су қаланы алады екен дегендей. Оған кейде блогерлер де ілігіп алады. Кезіндегі коронавирусты ұшақпен шашып жүр деп әңгіме айтқандай.

Негізі мұндай кезде керісінше бірігіп жұмыс істеген дұрыс. Кінәлі адамдар міндетті түрде табылады. Жазаланады. Ешкім ешқайда қашып кетпес. Ең басты байлық азаматтарымыздың өмірі. Денсаулығы. Бәрін қалпына келтіреміз деп отыр. Үлкен компаниялар жәрдем жіберуді бастап кетті. Блогерлер болмаса белгілі бір аудиториясы бар адамдар сенімді ақпаратпен бөліссе. Осы топан сумен бірігіп күресуге шақырса деп ойлаймын. Бұл да бір табиғаттың мінез көрсетіп жатқаны болар. Құдай қаласа бұдан да өтерміз. Бас аман болсын», — дейді Сәбит Рысбаев.

Мемлекет басшысы белгілі экономист Оразалы Сәбденді қабылдады

[Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі экономист, қоғам қайраткері Оразалы Сәбденмен кездесті.

Кездесуде еліміздің экономикалық даму перспективалары жан-жақты талқыланды. Бұл орайда ел экономикасын әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру, шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне баса назар аударылды. Көзделген мақсаттарға жету үшін аталған салаларды цифрландыру айрықша маңызды.

Сонымен қатар әлеуметтік инновация арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолдары қарастырылды.

Президент былтыр Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтіп, мемлекеттің аталған салаларға баса мән беретінін айтты.

Мемлекет басшысы Ғылым академиясының жай-күйін әрдайым жіті назарында ұстайтынын жеткізді. Сондай-ақ білімді, әлемдік үрдісті жетік білетін жастарға қолдау көрсетіле беретініне назар аударды.

Өз кезегінде Оразалы Сәбден ғылым саласын дамытуға қатысты өз ұсыныстарын айтты.