Tag Archives: бухгалтер

Шымкентте мектеп бухгалтері сотталып кетті

Шымкентте бухгалтер мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен №96 М.Әуезов атындағы орта мектептің бас бухгалтері сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқырғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.

Мекеменің бухгалтері қызметтік жағдайын пайдаланып, ай сайын өзінің есепшотына белгіленген мөлшерден артық ақша аударып отырған. Барлығы 5,1 млн теңге сомасында аударым жүргізілген.

Аталған факті бойынша тұлға өз кінәсін толық мойындауына байланысты сотпен аталған қылмыстық құқықбұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындалды.

Келтірілген шығын мемлекет бюджетіне толық көлемде қайтарылды.

Жетісудағы жемқорлық: Кербұлақ ауданында бухгалтерлер 34 млн теңгені жұмыс істемейтін адамдарға аударған

Жетісу облысы Кербұлақ ауданының прокуратурасы білім бөлімі бухгалтерлерінің бюджет қаражатын ұрлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Келтірілген шығын 34 млн теңгені құрады.

Осы факті бойынша облыс прокуратурасы тергеу жүргізіп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот үкімімен бухгалтерлер Қылмыстық кодекстің 63-бабы (шартты түрде соттау) бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен кінәлі деп танылды, келтірілген залал мемлекет кірісіне толық көлемде өтелді.

Ақмолада білім бөлімінің бухгалтері 5,8 млн теңге жымқырған

Фото: Pixabay

Ақмола облысында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін бухгалтер сотталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Целиноград ауданының прокуратурасы білім бөлімін тексеру барысында жалпы сомасы 5,8 млн теңгеге бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.

Мекеменің бухгалтері өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жалған құжат жасағаны және шотына ақшалай қаражат аудару фактілерін жасырғаны анықталды.

ҚК 190-бабы 3-бөлімі 1-тармағына сәйкес, осы факті бойынша аудан прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, пробациялық бақылау белгіленіп, 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды.

Залал сомасы мемлекет бюджетіне қайтарылды.

Әкімдік бухгалтері 5 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырған

Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының соты алаяқтық жолмен 4 700 000 теңгені жымқырған әкімдік есепшісіне қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

2021 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың наурыз айына дейін ол қызметкерлердің жалақысын есептеген кезде оны негізсіз өсірген. Осылайша, сол ақша оның картасына түсіп отырған», — деді сот.

Прокурор соттан есепшіге жаза тағайындауды – 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді сұрады.

Сот бұл мерзіммен келісіп, бірақ жас балаларының болуына байланысты жауапкерге 3 жылға кейінге қалдырылды.

Істе ауырлататын мән-жайлар жоқ.

Әйелдерге өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынады.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы балабақша есепшісінің өзіне үш жыл ішінде 12 миллион теңге жинағаны белгілі болған.

 

Шығыс Қазақстанда балабақша бухгалтері 12 млн теңге жымқырған

ШҚО-да балабақшада бюджет қаражаты жымқырылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Прокуратура «Катюша бала-бақшасы» КМҚК штаттық кесте мен банк шоттарын салыстыру арқылы балабақша есепшісінің 3 жыл бойы өзіне артық жалақы мен бонустық төлемдерді есептегенін анықтады.

Ол өз есепшотына барлығы 12 миллион теңгеден астам ақшаны заңсыз аударған.

Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, одан әрі іс жүргізуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қызметі жүргізді.

«Тергеу барысында есепші өз кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толығымен өтеген. Соттың 2024 жылғы 30 сәуірдегі үкімімен кінәлі тұлға сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп жымқырғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі) 3,6 жылға бас бостандығын шектеуге және өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылуға сотталды», — делінген хабарламада.

Сот актісі заңды күшіне енді.