Tag Archives: Атырау

Атыраудағы агроколледжде жаппай төбелес: студенттер бірін-бірі аямады

Фото: видеодан скрин

Атырау қаласындағы аграрлық-техникалық колледж студенттері арасында ірі төбелес шықты. Оқиға колледж жатақханасының алдында болған.

Куәгерлердің айтуынша, екі топ бір-біріне темір таяқ және басқа да заттармен шабуыл жасаған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жастардың ашуға беріліп, бір-біріне соққы жасап жатқаны анық көрінеді. Бірнеше студент дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

Полиция оқиғаға қатысқан жастарды анықтап, тергеу амалдарын бастап кетті. Білім басқармасы бұл жағдайға байланысты арнайы комиссия құрғанын хабарлады. Колледж басшылығы тәртіп бұзған студенттерге қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Қазір оқиғаның себептері мен нақты қатысушылар саны анықталып жатыр. Тұрғындар жастар арасындағы тәртіптің әлсіреуіне алаңдаушылық білдіруде.

Атырау тұрғындары: 30 жылдан бері жолсыз, әр жаңбыр сайын батпаққа тұншығып жатыр

Фото: видеодан скрин

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылы — ұзақ жылдар бойы жол мәселесіне шешім таппаған шағын ауылдың бірі. Тұрғындардың айтуынша, ауылға баратын жол дерлік жоқтың қасы.

Жаңбыр жауған сәтте тұрғындар үшін қозғалыс мүмкін емес: автокөліктер әрең жүріп, жаяулар батпақта тұншығады.

«Көлігіміз батпаққа батып қалуы мүмкін. Балаларды мектепке жеткізу де қиын. Әкімдікке қанша жыл шағымдандық, нәтиже жоқ», — дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Ауылдағы жер құрылымы мен топырақ ерекшеліктері жол салуды күрделі етеді. Бірақ тұрғындардың пікірі бойынша, бұл қиындыққа қарамастан, 30 жылдан астам уақыт ішінде ешқандай нақты шара қолданылмаған. Экономикалық тұрғыдан да ауыл жолсыз қалуы айтарлықтай зиян келтіреді. Мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау қиынға соғып, халық табысын төмендетеді.

Құрманғазы ауданы әкімшілігіне жол салу сұранысы бірнеше рет берілгенімен, нақты шешім әлі күнге дейін қабылданбаған. Тұрғындар әкімдіктен нақты уақыт кестесін талап етіп отыр. Олар жол мәселесі тек транспортқа ғана емес, ауылдың әлеуметтік дамуына да тікелей әсер ететінін айтады.

Пара алып сотталған Бақытгүл Хаменова тойда жүр

Фото: baq.kz

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, экс-депутат Бақытгүл Хаменованың тойға қатысқан сәті әлеуметтік желіде жарияланды. Бейнежазбада оның шенеуніктер мен полиция қызметкерлерінің қатарында, алдыңғы қатарда тұрғаны анық көрінеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Аталған жағдай қызу талқыланып жатыр.

Еске сала кетейік, Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнату кезінде 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот шешімімен ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленген.

Атырау облыстық соты бұл жайтқа қатысты үкімнің орындалуына қатысты мән-жайды еске салды.

 

– Үкімнің орындалуы 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылған. Бұл шешім сотталушының асырауындағы екі жас баласының болуына байланысты қабылданды, — деп хабарлады Атырау облыстық соттың баспасөз қызметі.

 

Еске салсақ, экс-шенеунік Бақытгүл Хаменовамен бірге тергелген басқарма басшысы мен серіктестік директорына қатысты сот үкімі өзгерген.

Атырауда қызды ұрлап пранк жасаған 3 жігітке айыппұл салынды

Фото: видеодан скрин

Сотта құқық бұзушылардың кінәсі әкімшілік хаттамалар, фотосуреттер, бейнежазбалар және басқа да материалдармен толық дәлелденді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша үш азамат — Ж., Ғ. және Д.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 14 қазанда сағат 15:10 шамасында Атырау қаласындағы кафелердің бірінің алдында Ж., Ғ. және Д. қоғамдық орын тәртібін бұзып, қызды айқай-шумен көлікке күштеп отырғызып, бейнежазба түсіру мақсатында айналадағы адамдарға құрметсіздік танытқан. Бұл әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде бағаланды.

Алайда 22 жастағы қыз олардың үстінен шағым жазбаған. Дегенмен, полиция заң бұзушыларды ұстады.

ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес, кінәлілерге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сот шешімімен Ж., Ғ. және Д. кінәлі деп танылып, әрқайсысына 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

«Анам үйге қамап қойды»: Атырауда жасөспірім көмек сұрады

Фото: видеодан скрин

Атырауда жасөспірім анасының өзіне қатыгездік танытып жүргенін айтып, қазақстандықтардан көмек сұрады. DAS Media таратқан бейнежазбада бала көзіне жас алып, үйден шығуға тыйым салынғанын, тіпті ресми түрде қатысып жүрген үйірмелерге де баруға болмайтынын айтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

 

«Анам мені үйден шығармайды. Тіпті мен қатысып жүрген үйірмелерге де баруға рұқсат бермейді. Ол мені бұрынғы сожителінен бірдеңе ұрлады деп айыптайды. Бірақ мен ештеңе ұрлаған жоқпын, өйткені үйдің бәрінде камера орнатылған», — дейді жасөспірім.

 

Баланы бұрынғы сожителі мен анасының арасындағы жанжалдың ортасында қалдырған. Оның сөзінше, ер адам бұған дейін өзін және қарындасын бірнеше рет ұрып-соққан. Ал туған әкесі Атырауда тұрса да, көмек көрсетуден бас тартқан.

 

«Әкем бар, бірақ сенімхат бергісі келмейді. 10 қазанда мен қарындасыммен бірге қамқоршылық органдарына бардық. Бірақ олар “бұл — жеке отбасылық мәселе” деп жауап берді», — дейді бала.

 

Желі қолданушылары оқиғаның мәніне бейжай қарамады. Комментарийлер астында жүздеген адам «анасы баласының сөзін тыңдамай, өз баласына сенімсіздік танытты», «балаларды серіктерге айырбастайтын аналар көбейді», «қамқоршылық органдарының әрекеті масқара» деген пікірлер қалдырған.

Бейнежазба тарағаннан кейін қоғам өкілдері мен белсенділер бұл жағдайға Білім министрлігі мен қамқоршылық органдары дереу араласуы тиіс екенін айтып, тексеру жүргізуді талап етті.