Tag Archives: Астана

«Медбике болып қоңырау шалады»: Астанада алаяқтар емханалардың атынан SMS код сұрап жүр

Фото: Pixabay

Азаматтарға күмәнді қоңыраулардан сақтанып, ресми мекемелермен байланысқа шығу ұсынылады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы емханалар скринингке шақыру кезінде ешқашан SMS код сұрамайтынын мәлімдеді.

Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, «Соңғы уақытта белгісіз адамдар емхана қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, ‘скринингке жазылуды растау үшін’ SMS арқылы келген кодты сұрап жүргені анықталды».

Бұған дейін елордалық тұрғын үйлердің біріндегі WhatsApp чатта Юлия есімді келіншек анасының тәжірибесін бөліскен.

Белгісіз адам өзін емхананың медбикесі ретінде таныстырып, скринингке шақырған. Кейін ол «тіркеуді растау үшін SMS кодты айтыңыз» деп өтінген. Анасы қызына хабарласып, осы арқылы алаяқтардың арбауынан аман қалған.

Денсаулық сақтау басқармасы азаматтарды алаяқтыққа алданып қалмауға, сондай-ақ медициналық ұйымдар атынан хабарласып, SMS код сұрайтын тұлғаларға сенбеуге шақырады.

Астанада көпбалалы ана күйеуін емдету үшін 13 микронесие алған

Фото: Pixabay

Қаржылық қиындыққа тап болған келіншек банкрот бола жаздаған. Тұрақты жұмысының арқасында сотқа жүгініп, банкроттықтың орнына төлем қабілетін қалпына келтіруге өтініш берген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Астана сотының мәліметінше, әйел 2018 жылдан 2024 жылға дейін жалпы сомасы 4,6 миллион теңгеден астам несие мен микронесие рәсімдеген.

“Несиеге алған ақшаның бір бөлігі эпилепсиямен ауыратын, ІІ топ мүгедектігі бар жұбайының еміне жұмсалған”, – деп хабарлайды Астана соттары.

Көпбалалы ана 2021 жылы кәсібін тоқтатуға мәжбүр болған. 2022 жылы акционерлік қоғамға жұмысқа тұрып, қазір 240 мың теңге жалақы алып жүр. Жолдасы екеуінің иелігінде мүлік жоқ, ата-енесімен тұрады.

“Сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішпен жүгінген азаматша микронесиелердің бір бөлігін банктегі несиелерін жабу үшін алғанын айтқан. Жалпы, оның 2 банк пен 13 микрокаржы ұйымы алдында 4,6 миллион теңге қарызы бар”, – деліген сот таратқан хабарламада.

Соңғы рет ол 2024 жылдың сәуірінде несиесінің бір бөлігін ішінара жауып, берешектен құтылған. Осыған байланысты сот әйелді банкрот деп таппай, оның төлем қабілетін қалпына келтірді.

 

«Қайрат» пен «Астана» чемпиондық атақты сарапқа салатын болды

Фото: ФК «Астана»

26 қазанда өтетін «Қайрат» – «Астана» матчы Қазақстан футболының жаңа чемпионын анықтайтын шешуші шайқас болмақ, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қазақстан Премьер-лигасының соңғы, 26-туры аясындағы шешуші кездесу 26 қазан күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Турнир кестесінде «Қайрат» 58 ұпаймен көш бастап тұр, ал «Астана» екі ұпайға артта келе жатыр. Бұл дегеніміз, «Қайратқа» тең ойын да жеткілікті, ал астаналықтарға тек жеңіс керек. Барлығы чемпиондық тағдырын шешетін 90 минутта анықталмақ.

Сонымен қатар, қостанайлық «Тобыл» да әлі күміс жүлде үшін күрестен түскен жоқ. Ол үшін «Астана» ірі есеппен ұтылуы, ал «Тобылдың» дәл сондай айырмашылықпен «Ұлытауды» жеңуі қажет.

Ал «Ақтөбе» командасы еурокубоктардан тыс қалудың аз-ақ алдында тұр. Николай Костов шәкірттері 25-турда «Астанадан» 3:5 есебімен жеңіліп, Конференциялар лигасына шығу мүмкіндігін қиындатып алды. Енді олар соңғы турда «Ордабасыны» ірі есеппен жеңіп, «Елімайдың» «Атыраудан» ұтылуын күтпек. Дегенмен барлығы алдағы уақытта өтетін матчтардың нәтижесіне байланысты болады. «Елімай» атыраулықтарды жеңсе, жағдай өзгереді.

Осылайша санаулы күндерден кейін ел чемпиондарымен қатар келесі маусымда еурокубокта өнер көрсететін командалар анықталады.

Астанадағы автобус апаты: қос аяғынан айырылған Алуа протезбен алғашқы қадамын жасады

Фото: видеодан скрин

Астанадағы автобус апатынан кейін қос бірдей аяғынан айырылған Алуа Бекен протезбен жүруді үйрене бастады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Кадрларда 8 жастағы Алуаның бар күшін салып, қайта жүруді үйреніп жатқаны көрінеді.

Баламен жұмыс істеген мамандардың айтуынша, Алуа алғашқы күндердегідей емес, қазір жиі күлімдеп, айналасындағы адамдармен еркін араласа бастаған.

Оның эмоционалдық тұрақтылығы артып, өзіне сенімі күшейген.

 

Тірі ұлын «өлтіріп», 100-ге жуық әріптесінен ақша жинаған астаналық әйел сотталды

Фото: Pixabay

Әріптестері жанашырлық танытып, ем-домға көмек ретінде ақша жинап берген.

Елорда тұрғыны баласының еміне қаражат керек деген желеумен әріптестерін алдап, ақша жинап алған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Астанада полиция қызметкерлері 31 жастағы әйелді жеке пайдасы үшін әріптестерінің сенімін теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартты.

Декреттік демалыста жүрген әйел басшысына хабарласып, баласы терезеден құлап, жансақтау бөлімінде жатқанын айтқан.

Әріптестері жанашырлық танытып, ем-домға көмек ретінде ақша жинап берген.

Алайда көп ұзамай шындық ашылды. Әріптестерінің бірі оның жұбайына хабарласқанда, ер адам баласының аман-есен екенін айтып, әйелінің айтқан сөзін жоққа шығарған.

Тексеру барысында әйелдің жиналған қаражатты жеке қажетіне жұмсағаны, соның ішінде Түркияға демалысқа барғаны анықталды.

Алаяқтық дерегі бойынша құқық қорғау органдары жедел тексеріс жүргізіп, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғады.