Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігімен рұқсатсыз мініп шығып, жол апатына ұшырады. Оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Полицияның дерегінше, жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына себеп болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды.
Бұл – соңғы екі айдағы дәл осы ауданда болған екінші осындай қайғылы жағдай. Бұған дейін, 2 қыркүйекке қараған түні Әлімхан Ермек көшесінде 16 жастағы жасөспірім Mitsubishi Carisma көлігін ата-анасының рұқсатынсыз айдап шығып, апатқа ұшыраған. Ол да алған жарақатынан көз жұмған еді.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарға балалардың мінез-құлқын және олардың көлік құралдарына қол жеткізуін қатаң бақылауға алуды ескертті.
Полиция деректері бойынша, биыл өңірде 1 632 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 мыңнан астам адам жарақат алып, 99 адам қаза тапқан, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Қазір облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр (27-31 қазан аралығы). Оның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, әсіресе балалар, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер арасындағы жол апаттарының алдын алу.
Хромтау тас жолындағы жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккен үш науқас санавиациямен Ақтөбеге жеткізілді. Олар науқастар арасында 2009 жылы туған пациент те бар. Қазір Хромтау аудандық ауруханасында үш науқас қалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Күні кеше болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 адам қаза тауып, 6 адам Хромтау аудандық ауруханасына жіберілген болатын.
«Бір науқастың жағдайы ауыр. Екеуінің жағдайы орташа деп бағаланып отыр», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
«Диапазон» газетінің жазуынша, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев бұл шешім Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық шұғыл медицина орталығының келісімімен қабылданғанын айтты.
«Науқастардың жағдайы әртүрлі. Ауыр жағдайда жатқандар да, ауырлық дәрежесі орташа деп бағаланып отырғандар да бар. Барлық қажетті ем көрсетіліп жатып. Астанадан келген мамандармен тұрақты консилиум өткізілуде. Қажет болған жағдайда, Астанаға да жіберіледі. Жол апатынан барлығы 6 науқас жеткізілді. Бесеуі таңертең жансақтау бөлімінде болды, біреуі травматология бөліміне ауыстырылды», – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Ақтөбе облысында жол апатынан 12 адам қаза тапқанын жазғанбыз. Жол-көлік оқиғасын ІІМ-нің арнайы тобы тергейтін болды. Тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында елді елең еткізген іс қаралды. Марқұм Абай Айсағалиевтің бет-әлпетіне ұқсайтын силикон маска тапсырыспен алдырып, оны қылмыс кезінде пайдаланған сотталушы 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сот отырысы бір айдан астам уақытқа созылып, бүгін жарыссөз кезеңі өтті.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, айыпталушы қылмыс жасаған күннің кей сәттерін «еміс-еміс есімде» деп түсіндірген. Ол пышақ жарақатын салғаннан кейін пәтердің ішін жуып, жәбірленушінің басына пакет кигізіп, қанды іздерді жасыру үшін денені мұздатқышқа жасырған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Абай Айсағалиев көп қан жоғалтудан, оң жақ кеудесіндегі кесіп-тесілген жарақаттан көз жұмған. Оның оң жақ өкпесі мен жүрегі зақымдалған, денесінде барлығы жеті пышақ жарақаты анықталған.
Айыпталушы марқұмның шотынан 5,2 миллион теңге шешіп алып, планшетін, телефонын және басқа да заттарын ұрлаған. Жалпы келтірілген шығын 7,2 миллион теңгеден асқан.
Сотта тапсырыспен жасалған силикон маска да көрсетілді. Ол марқұмның бет-бейнесіне айнытпай ұқсайтыны анықталды. Прокурор бұл жайтты қылмыстық әрекетті жоспарланған және әдейі жасалған деп бағалауды сұрады.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша – 4 жыл 8 ай, ал 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша – 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраймыз. Түпкілікті жаза ретінде 20 жылға бас бостандығынан айыру ұсынылады, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 мекеме қызметкерлері тексеру барысында заңсыз әрекетті әшкереледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Мекеменің жедел және режим бөлімдерінің қызметкерлері сәлемдемеге тексеріс жүргізу кезінде жазғы аяқ киімнің табанына мұқият жасырылған 2 ұялы телефон, 2 SIM-карта және 2 USB-шнурды тапты.
Белгілі болғандай, аталған тыйым салынған заттарды мекемеде қамауда отырған танысына жеткізбек болған.
Тексеру кезінде азамат өз кінәсін толық мойындаған.
Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
– Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет ету – заңмен қатаң жазаланатын құқық бұзушылық. Мұндай әрекеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі, – деді №70 мекеме бастығы Мирас Хамзин.
Есболатовтар отбасындағы 5 баланы баспанамен қамтамасыз ету мәселесін Ақтөбе қаласының әкімдігі шешеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ақтөбе әкімдігінде балалар қауіпсіздігі мен арнайы мекемелердің жауапкершілігі мәселесі қаралды.
Ақ– Бес баланың тағдыры. Мәселені өздері жеткізіп отыр. Бес баланы орналастыру керек. Қалған мәселелерді біз қолға аламыз, одан бас тартпаймыз. Біз үшін ең маңыздысы — бес баланың болашағы. Егер заң бұзушылық болса, жауапқа тартылады. Балалардың тағдыры тікелей бақылауымда болады, – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі Ақтөбе қаласының әкімдігі бес балалы отбасыны баспанамен қамтамасыз ету міндетін атқару керек екенін хабарлады.
Еске салу керек, Есболовтар отбасындағы 5 бала қазір өздерін қолдаған еріктінің үйінде тұрып жатыр. Ал анасы Жұлдыз Тлеуф жүйке ауруына шалдықпағанын растау үшін Алматыдағы емдеу орталығында тексеріліп жүр.