Tag Archives: Ақтау

Ақтауда балалар ойнап жүрген спорт алаңында қақпа құлап түсті

Фото. видеодан скрин

Ақтауда төтенше жағдай тіркелді. Қаладағы 28А-1 мекенжайында орналасқан спорт алаңында темір қақпа кенеттен құлап, балалардың өміріне қауіп төндірді.

Оқиға кезінде бірнеше бала алаңда ойнап жүрген. Абырой болғанда, зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түскен жоқ. Куәгерлердің айтуынша, спорттық қақпаның тіреу бөлігі ескі әрі бос тұрған. Соған қарамастан, аулада балалар күн сайын футбол ойнайды. Тұрғындар мұндай жағдай бірнеше рет қайталануы мүмкін деп алаңдап отыр.

«Біз бұл мәселе туралы бірнеше рет ескерткенбіз. Бірақ ешқандай шара қолданылмады. Егер бала астында қалып қойғанда не болар еді?» — дейді тұрғындардың бірі.

Қазір оқиға орнына коммуналдық қызмет өкілдері мен әкімдік мамандары келіп, қақпаны уақытша алып тастады. Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тұрғындар енді қаладағы барлық спорт және ойын алаңдарын жаппай тексеруді талап етуде.

Ақтауда сот баласын ауруханаға жеткізу үшін жылдамдықты асырған жүргізушіге кешірім берді

Фото: Pixabay

Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жылдамдықты асырып айыппұл салу туралы қаулының күшін жойды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қала тұрғыны жол қозғалысы ережелерін бұзып, белгіленген жылдамдықты 10-20 шақырымға асырған. Сотта әйел мұндай әрекетке мәжбүр болғанын айтты. Сол күні оның эпилепсиямен ауыратын ұлының тырысуы басталып, оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізу қажет болған.

«Ол күні баласының дене қызуы көтеріліп, тырысуы басталған. Баласының жағдайы күрт нашарлаған соң, анасы оны тезірек ауруханаға жеткізу үшін жылдамдықты арттырған», – делінген сот хабарламасында.

Сот материалдарын зерттей келе, судья әйелдің әрекеттерін мәжбүрлі жағдай деп таныды. Яғни, жүргізуші жылдамдықты баласының өмірі мен денсаулығына төнген тікелей қауіптің алдын алу мақсатында асырған. Мұндай жағдайлар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 37-бабында қарастырылған.

Осылайша, айыппұл төлеу туралы қаулының күші жойылып, іс өндірістен тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Сонымен қатар мамандар азаматтарға егер айыппұл қаулысымен келіспесе немесе құқықбұзушылық болмағанын дәлелдей алады деп есептесе, шағым түсіруге болатынын еске салады.

Шағым берудің қолжетімді тәсілдері:

•    eGov және eOtinish платформалары арқылы;

•    Әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) платформасы арқылы;

•    Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөліміне жеке өтініш беру арқылы.

Балама шағым беру нұсқалары:

•    Жоғары тұрған органға шағым түсіру;

•    Айыппұлды сот тәртібімен даулауға болады.

Сондай-ақ айыппұл қаулысы шыққан күннен бастап 7 күнде төленсе, 50% жеңілдікпен өтеуге болатыны да атап өтілді.

Ақтауда тұрғын үйде газ жарылды: ішінде балалар болған (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Бүгін Ақтау қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылысы тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қаладағы көпқабатты үйдің бірінде болған. Куәгердің айтуынша, жарылысты ең бірінші көшеде кетіп бара жатқан тұрғын байқап, дереу төтенше қызметке хабар берген, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

«Кенет қатты дыбыс шықты, терезелер дірілдеп кетті. Үйден түтін шығып жатқанын көрдім», – дейді оқиғаны көзімен көрген куәгер.

Жарылыс кезінде пәтердің ішінде кішкентай балалар болғаны белгілі болды. Қазір олардың жағдайы анықталып жатыр. Дәрігерлер мен құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеуде.

Мамандардың айтуынша, мұндай жарылыстардың басым бөлігі газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбаудан немесе желдету жүйесінің нашарлығынан туындайды. «Бүгінде әр үйдің иесі қауіпсіздік ережесін жақсы білуі тиіс, алайда тәжірибе көрсеткендей, қарапайым сақтық шараларының өзі жиі ескерілмейді», – дейді төтенше жағдай саласында 50 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан сарапшы.

Оқиғаның нақты себебін арнайы комиссия анықтайды. Ал тұрғындарға газ иісін сезген сәтте бірден терезені ашып, электр құрылғыларын қоспау және тиісті қызметке дереу хабар беру ескертілді.

Ақтауда көлік өртеніп кетті

Фото: видеодан скрин

Ақтаудағы 17-шағынаудандағы №54 үйдің алдында Subaru Forester көлігі өртенді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Куәгерлер түсірген видеода бірнеше жас жігіттің жарылыстан қауіптене отырып, өртті өрт сөндіргіштермен сөндіруге тырысқаны көрінеді.

Маңғыстау облыстық ТЖД мәліметінше, 2002 жылғы көліктің мотор бөлігі жанған. Өрт сөндірушілер жеткенше тілсіз жау толық сөндірілген. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

«Қысқа дайынбыз» деген әкімдік қайда? Ақтауда жап-жаңа құбыр жарылып, көшелер су астында қалды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Ақтаудың дәл орталығында жаңадан тартылған құбыр жарылып, қаланың басты көшелерін су басқан. Оқиға 6 қазанда «Маңғыстаумұнайгаз» ғимараты маңында болған. Куәгерлер түсірген бейнежазбада жол бойы мен жаяу жүргіншілер өткелінің түгел су астында қалғаны анық көрінеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қала тұрғындары әлеуметтік желіде ашық пікір білдіріп, жауаптылардың әрекетсіздігіне наразы болды.

«Қысқа дайынбыз деп айтқан әкімдік қайда?» — деп жазды тұрғындардың бірі. Басқалары болса: «Жаңадан тартылған құбырлар қыс түспей жарылып жатыр, неге бақылау жоқ?», «Әкім мен басшылар кабинеттен шықпайды, көзбояушылық қана» деп ашуын жасырмады.

Құбыр жарылған жерде жұмыс баяу жүріп жатыр

«Каспий жылу, су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, апатты жою үшін мамандар оқиға орнына барған. Алайда тұрғындар жағдайдың баяу шешіліп жатқанын айтып, жауапсыздықты сынға алды.

Пікір қалдырғандардың бірі:

«Шала істейді ғой, жұмыстарына тиянақ жоқ. Екі адам істеп, он адам қарап тұрады. Басшылардың жауапкершілігі жоқ, жұмысшылар жетіспейді», — дейді.

Тағы бір тұрғын: «Нәтиже нөл, жылу жоқ десе де болады», — деп жазды.

«Көзбояушылыққа тойдық»

Ақтаулықтар соңғы жылдары коммуналдық апаттардың жиілегенін айтып, «әр күзде бір жарылыс, бір су тасқыны болады» деп күйінді.

«Жөндеуге миллиондап қаржы кетеді, бірақ сапасы жоқ. Бір жаңбырда су басады, бір аязда құбыр жарылады. Бұл — жүйенің шіріген тұсы», — дейді тұрғындар.

Әкімдік үнсіз, ал көшелер су астында

Қалалық әкімдік оқиға туралы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Халықтың сұрағы көп: неге жаңа тартылған құбыр қыс түспей жарылды? Неге сапа бақылауы жүргізілмейді? Неліктен жыл сайын бір сценарий қайталанады?