Tag Archives: ақша

«Бір миллион кетті»: Ақбота-Нұр баласын мектепке қалай дайындағанын айтты

Фото: instagram.com/akbotanurabaykyzy

Танымал әнші, актриса Ақботанұр Сейітмағамбет екі баласының мектепке қажетті заттарына қанша қаржы жұмсағанын айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Өнер жұлдызы өз сөзінде балаларына қандай заттар алғанын тізбектеп айтып шықты.

«Костюм-шалбары, мектепке керекті құралдары, спорт киімдері – осының бәрін есептеген 1 миллион теңгенің ар жақ, бер жағы кетті», – дейді Ақботанұр Сейітмағамбет.

Әншінің бұл сөзі желі қолданушыларын таң қалдырмай қоймады.

«Миллион дей ме? Бізге берсе балаларымның бәрін киіндіріп, өзіміз киініп, оған қоса азық-түлік аламыз ғой», «Менің 4 балама 150 000 тг кетті десем, талып қалатын шығар», «Миллионға не алып жүрсіңдер соншама», «3 балама 200 мың теңге болды, шүкір, жеткіздік», «Әнші боламыз ба, не істейміз?» – деп жазды желі қолданушылары.

KASE: доллар бүгін тағы да қымбаттады

Фото: Pixabay

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар бағамы қымбаттады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 0,25 теңгеге қымбаттап, 539,49 теңге болды. Ұлттық банктің ресми бағамы — 539,38 теңге.

Kurs.kz мәліметіне сәйкес, Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар орта есеппен 539,89 теңгеден сатып алынады, 541,90 теңгеден сатылады. Еуро 626,81 – 631,27 теңге, ал рубль 6,64 – 6,76 теңге аралығында саудаланады.

Елорданың ақша айырбастау орындарында:

– доллар 537,73 теңгеден сатып алынады, 544,73 теңгеден сатылады;

– еуро: сатып алу — 624 теңге, сату — 633,48 теңге;

– рубль: сатып алу 6,68 теңге, сату — 6,79 теңге.

 

«Аралтұз» қызметкерге 5 млн теңге моральдық өтемақы төлейді

Фото: Pixabay

«Аралтұз» АҚ қызметкеріне өндірісте зардап шеккені үшін 5 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу туралы сот шешімі шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жәбірленуші 2013 жылдан бері «Аралтұз» АҚ-ның тұз өңдеу цехында ораушы болып жұмыс істеп келген. 2021 жылы цех операторы қызметіне ауыстырылған. 2025 жылдың қаңтар айында дүкен қоймасында түнгі ауысым кезінде жүк көтергіш техника қағып кеткен.

Ауыр жарақаттардың салдарынан бірнеше ота жасалған. Зардап шегуші көру және қозғалу мүмкіндігінен айырылып, еңбекке жарамсыз болып қалған. Қазіргі таңда оған тұрақты түрде көмек қажет, беті мен көзіне шұғыл ота жасалуы тиіс.

Ол сотқа талап арыз жолдап, моральдық зиянды өтеуді сұраған. Талапкердің айтуынша, оқиғадан кейін оның психикалық және физикалық жағдайы нашарлаған, екі кішкентай қызы бар.

Арнайы тергеу актісіне сәйкес, жазатайым оқиғаға жұмыс беруші тарап 100% кінәлі деп танылған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, қайғылы жағдай абайсыздықтан болған. «Аралтұз» тарапынан 850 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, алдағы отаға байланысты барлық шығынды компания өз мойнына алған.

Сот отырысында жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келгені, психикалық және физикалық зардап шеккені дәлелденді. Арал аудандық сотының шешімімен «Аралтұз» АҚ зардап шеккен әйелге моральдық зиянның өтемі ретінде 5 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

«Ақша да жоқ, мал да жоқ»: Атышулы блогер «NNN» 48 миллион теңге жымқырған

Фото: әлеуметтік желі

Журналист Гүлмира Абықай Facebook парақшасында блогер NNN жайлы даулы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Оның жазуынша, Instagram желісінде 5 миллионнан астам оқырманы бар танымал блогер NNN Нұрдәулет Бектұрсын 8 жыл бұрын Үкіметтен мал бордақылауға 48 миллион теңге көлемінде субсидия алған.

Алайда, уақыт өте келе бұл қаражаттың қалай жұмсалғаны белгісіз күйінде қалып отыр. Жергілікті жұрттың сөзіне сенсек, сол қаржы мал шаруашылығына емес, блогердің өзін танымал етуге, яғни жеке брендіне жұмсалған болуы мүмкін.

«Ақша да жоқ, мал да жоқ. Бұл қаржыны мал бордақылауға емес, өзін жарнамалауға жұмсады», – дейді Кентаулық жерлестері.

Әзірге ресми тергеу не тексеріс жүргізіліп жатқаны жөнінде де хабар жоқ.

Қазақстандықтарға 3 млн теңге қайтарымсыз грант берілмек

14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіз ұрпақтар» грантын ала алады. Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 18 тамызға дейін жалғаспақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы және «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мәселелері бойынша өткен баспасөз конференциясында хабарлады, деп жазады Qazaq.today ақпарат порталы. 

«2021 жылдан бастап, Мемлекет басшысының бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау үшін жыл сайын жастарға 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіз ұрпақтар» гранты беріледі. Грантқа 14-35 жас аралығындағы ҚР азаматы үміткер бола алады. Қағидаларға сәйкес конкурс 2 кезеңде өткізіледі. 1-кезең – конкурстық өтінімдерді қабылдау және қарау. 2-кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурстық комиссияның жеңімпаздарын анықтау. Биыл грантқа үміткерлердің конкурстық өтінімдерін қабылдау рәсімі 16 маусым – 18 тамыз аралығында жүргізіледі», – дейді Қайрат Қамбаров.

Биыл жалпы республикалық гранттың иегерлерінен бөлек тағы 277 жас өңірлік конкурстарды жеңіп алу мүмкіндігіне ие болмақ.

«Конкурстың қорытындысы бойынша жыл соңына дейін 30 азаматқа 3 млн теңге көлемінде «Тәуелсіз ұрпақтар» гранты беріледі. 2025 жылы әкімдіктердің ақпараты бойынша жергілікті бюджеттен 277 өңірлік грант беру жоспарланып отыр. Бұл ретте әкімдіктер гранттың саны мен мөлшерін, сондай-ақ бағытын дербес бекітетінін атап өткен жөн. Грантты пайдалану мерзімі 1 жылдан аспайды. Конкурс туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан білуге болады,» – дейді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.

Айта кетейік, грант конкурс негізінде 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін беріледі. Олар: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттар.