Ақмола облысында 51 жастағы әйел бір жылда 45 адамға банктен миллиондап несие рәсімдеуге көмектесіп, қарызға батырған, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Әйел алынған ақшаның тең жартысын өз қалтасына басқан. Жәбірленушілердің айтуларынша, несие ала алмай жүргендерді әйел өзі тауып алады екен. Тіпті ешбір банк түрлі себеппен несие бермейтін адамның өзіне таныс менеджерлері арқылы несие рәсімдеп беріп отырған.
«Ауру қызым бар, төрт баланың әкесімін. Бес-бес миллионнан төрт банктен 20 миллион алдым. Соның жартысын, 10 миллион 200 мыңын қолына санап берді», – дейді жәбірленушілердің бірі.
Бұланды, Бурабай аудандарының тұрғындары келісіммен алынған қаражаттың 50 пайызын оған санап береді екен. Алғашқыда кредитті жауып отырам деп уәде берген. Бірақ, уақыт өте қарыз төленбей, тіпті оны таба алмай қалған. Күдікті әйел қазір қамауға алынды. Жәбірленушілердің саны күн санап көбейіп келеді.
«Әр адамға рәсімделген несиенің мөлшері 1 миллионнан 13 жарым миллион теңгеге дейін жеткен. Қазір облыстың екі ауданынан 51 жастағы осы әйелге шағым толассыз түсіп жатыр. Несиені әртүрлі банктен таныстары арқылы алып отырған. Күдіктіге алаяқтық бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Алматыда жүк тиеуші болып жұмыс істейтін Түркістан облысының тумасы күтпеген жағдайда қылмыстық қудалауға түсті, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.
Бұған ер адамның ашуы себеп болған, деп мәлімдеді Терроризмге қарсы орталықтың баспасөз қызметі.
Орталықтың мәліметінше, 8 ақпанда Алматы полициясына Tele2 байланыс орталығының қызметкерінен хабарлама түскен: телефон арқылы белгісіз біреу жарылыс жасаймын деп қорқытып, қызметкерлерге қоқаң-лоқы жасаған.
Жедел іздестіру шаралары барысында Алматыдағы «Строй Сити» базарында жүк тиеуші болып жұмыс істейтін Түркістан облысының 1988 жылы туған тумасы ұсталды.
Жұмыс орнына келген ер адам телефонында интернет жоқ екенін байқаған. Содан кейін ол ұялы телефонынан Tele 2 байланыс орталығына қоңырау шалып, желі сапасының нашарлығына шағымданады. Оператор тарифті қайта қосып, 4000 теңге көлемінде төлем жасау керек деп жауап берді.
«Абонент ашуға беріліп, әдепсіз сөздер айтып, қоқаң-лоқы жасайды. Кейінірек ол сол кезде не айтқаны есінде жоқ екенін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — делінген жазбада.
Өзбекстан Республикасының Статистика агенттігі халық санын жариялады.
1 қаңтардағы жағдай бойынша Өзбекстан халқының саны 36,8 миллион адам болды.
Агенттіктің мәліметіне қарағанда, қазір елде әйелдер саны – 18,3 млн, ерлер саны – 18,5 млн. Қала тұрғындары – 18,8 млн, ауыл тұрғындары – 18,0 млн адам.
Былтыр Өзбекстанға 218 800 адам көшіп барса, 233 200 адам елден көшіп кеткен. Соған қарамастан Орталық Азия ғана емес, ТМД кеңістігінде бала туу бойынша өзбек елі басқа мемлекеттерден әлдеқайда көш ілгері болып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында екі баласына жыныстық зорлық көрсеткен ер адамды сот өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Kazinform.
Сотталған — Өзбекстан азаматы Бекниязов. Ол отбасымен СҚО М.Жұмабаев ауданында тұрған. Бұған дейін полиция департаментінде ер адамның мас күйінде қызы мен ұлын зорлағаны туралы айтылған еді. Қылмыстық іс сотта жабық қаралды. СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, ер адам 2020 жылдан бастап биылғы 30 қаңтарға дейін кәмелет жасына толмаған қызы мен ұлын бірнеше рет зорлаған.
Оның кінәсі толық дәлелденді. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, жәбірленушілердің заңды өкілінің, куәгернің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденді. Сотталушы мен оның адвокаты айыптаумен келіспеді, ақтауды сұрады. Сот жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың мас күйінде жасалғанын есепке алды. Сот ер адамның жазасын жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ.
«Жасалған қылмыстардың аса ауыр қылмыстар санатына жататынын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің мән-жайларын, кінәлінің жеке басын ескере отырып, сот барынша қатаң жаза тағайындау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Сот ер адамға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті» делінген қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз хабарламасында.
Сотталған жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Мэриленд университетінде екінші рет адамға генетикалық түрлендірілген шошқа жүрегі салынды. Бұған дейінгі науқас мұндай жүрекпен екі ай өмір сүрген.
АҚШ-тағы Мэриленд университеті, Медицина орталығының мамандары тарихта екінші рет адамға генетикалық түрлендірілген шошқаның жүрегін сәтті орналастырды.
«Америкалық ӘТК ардагері, 58 жастағы науқас отадан кейін өзін жақсы сезінеді, қосымша құрылғыларсыз дем алады. Ал оған орналастырылған жүрек «сыртқы құрылғылардың көмегінсіз, қалыпты жұмыс істеп тұр», — делінген 22 қыркүйекте университет сайтына салынған ақпаратта.
Фосетте бұған дейін жүрек-қан тамыр ауруы мен ішкі қан кету болғандықтан адамның донор жүрегін қабылдауға қабілетсіз деп танылды.
«Соңғы үмітім – шошқа жүрегі. Қалай болғанда да, енді мүмкіндігім бар», — деді ол ота алдында.
Фосетт ағзасы донор мүшені қабылдамай қоймас үшін арнайы препараттар мен антидене ішіп жатыр.
Бұған дейін осындай ота дәл осы медицина орталығында 2022 жылы жасалған. 57 жастағы науқас Дэвид Беннетт «көптеген фактор, оның ішінде денсаулығының нашарлығына» байланысты екі айдан кейін қайтыс болды, деп мәлімдеді медицина қызметкерлері.
Қазір АҚШ-тың өзінде генетикалық түрлендірілген жануарлардың ағзасын өзіне қондыруға 100 мыңнан астам адам кезекте тұр. Мамандар осы арқылы донорлық мүше жетіспеу мәселесін шешуді көздейді. Бұған дейін Нью-Йорк университеті жанындағы Лангон Медицина орталығында миы өлген адамға шошқа бүйрегі салынды. Ол адам ағзасында 61 күн жұмыс істеді.