Tag Archives: адам өлімі

«Қайрат терезеден ұшып кетті»: Гүлзира Айдарбекова жол апатына түскен сәтін есіне алды

Фото: видеодан скрин

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова өмірін өзгерткен жол апатын есіне алды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Өнер иесі не себепті ұлы Қайрат Нұртастың көзілдірік тағатынын айтты.

 

“Қытайға ұшамыз деп асығып келе жатып, жол апатына ұшырадық. Көліктен түк қалмай, шелпек болып қалды. Бірақ құдай сақтап қалды. Қайрат терезеден ұшып кетті. Әйнектер сынып, денесі мен көзіне қадалып қалды. Содан тыртық пайда болды. Көзілдірікті сол үшін тағып шығатын”, – деп жазды продюсер.

 

Гүлзира Үсенқызынң сөзінше, сол жол апатын фильмге арқау еткен.

 

“Өкініш” фильміне жол апатын кірістірдім. Қалай көліктен аударылғанын және өзімнің сол кезде қандай күйде болғанын көрсеттім. Телефон соққаным да еш өзгеріссіз фильмге енді”, – деп жазды Қайрат Нұртастың анасы.

 

Шымкентте келісімшартсыз жұмысқа жалданған жігіт мерт болды

Фото: видеодан скрин

Шымкентте 24 жастағы Үмітжан Балтабаев тұрғын үй салып жүріп бесінші қабаттан құлап, қайтыс болды. Марқұмның жақындары құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптары сақталмағанын айтып, кінәлілердің жауапқа тартылуына талап етіп отыр. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлын жұмысына аттандырған Фатима Ибрагимова екі сағаттан кейін баласы туралы суық хабар алған.

“Өз қолыммен жұмысқа жібердім. Екі сағаттан кейін балаң қайтыс болыпты деп естіртті. Мен жынды болып қалайын дедім. Екі сағаттан кейін өліп қалайын деп. Бесінші этаждан құлаған. Жерге түскен бе, басқа жерге түскен бе оны білмеймін. Соны мен білгім келіп жатыр. Қалай менің балам қалай жерге түскен”, – дейді марқұмның анасы.

Қайғылы оқиға Шымкент қаласындағы тұрғын үй кешені салынып жатқан алаңда болған. Үмітжан Балтабаев мердігер компанияға келісімшартсыз жалданып, қара жұмыс істеген. Марқұммен бірге ауылдағы досы да еңбек еткен. Ол құрылыс аумағында ешқандай техникалық әрі қауіпсіздік талаптары сақталмағанын айтады.

“Баспалдақ саңылауына кетіп бара жатқанда ашық жатқан лифт бар. Сол жаққа былай көзім түсті. Аяқ киім көргеннен кейін басымды тықсам, жатыр. Қауіпсіздік техникасы жоқ. Мысалы, басқа нысандарға барсаң лестницы проём жабық болады. Баспалдақ саңылауы жабық болады. Оған адам кіре алмайды”, – дейді Үмітжанның досы Азизбек Закиров.

Қара жамылған отбасы бұл жағдайды құзырлы орган өкілдері тексеріп, кінәлі адамдарды жауапқа тартсын деп отыр. Айтуларынша, тәртіп сақшылары мән-жайды анықтауға асықпайды. Қазір жұмысшы өлімі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр екен.

“Полициямен аталған жазатайым оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – деді Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құрылыс компаниясының өкілдері сұхбат беруден бас тартты.

Марқұм Үмітжан Балтабаев үйінде 4 ұлдың тұңғышы. 7 жасында әкесінен айырылған жас жігіт үйінің жалғыз асыраушысы болыпты. Туыстары жігіттің жуырда шаңырақ көтеруді де жоспарлап жүргенін жеткізді.

Алматы облысында екі адам мерт болды

Фото: Алматы облысы ТЖД

Алматы облысы Іле ауданы Кенен Әзірбаев ауылында 3 үйді жалын шарпыды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйлердің толықтай өртке оранғаны анықталған. Қоңыраудың кеш түсуі өрт сөндіру жұмыстарын қиындатқан.

— Өртті сөндіруді жоғары температура, қатты түтін мен ғимараттардың құрылыс ерекшеліктері қиындатты. Сондай-ақ тар өткелдер мен тығыз салынған құрылыс қосымша кедергі болды — ғимараттар арасындағы қашықтық небәрі 1,5–2 метр еді. Өрт орнынан екі адамның мәйіті табылды, тағы бір адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлады Алматы облысы ТЖД.

Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД күштері мен құралдарынан 18 адам және 6 техника тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда базардағы ірі өрт сөндірілді.

 

Павлодар-Қызылорда тасжолында көлік апатынан бес адам көз жұмды (ВИДЕО)

Фото: Видедеодан алынған кадр

Павлодар облысында Toyota Lucida маркалы жеңіл көлік трассада арақашықтықты сақтамай, Sitrak жүк көлігінің артына соғылған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, төрт жолаушы мен жүргізуші мерт болған.

«Павлодар-Қызылорда трассасында, Байет ауылына бес шақырым жетпей Toyota Lucida маркалы жеңіл көлік жүк көлігіне соғылып, өртеніп кеткен. Жеңіл көлік ішіндегі төрт жолаушы мен бір жүргізуші мерт болды», — деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.

Осы ретте полиция алыс жолға шығатын жүргізушілерден ереже мен жылдамдықты сақтауын сұрайды.

Атырауда NCOC компаниясының менеджерін өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Фото: Ақжайық

Бүгін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты NCOC мұнай компаниясының менеджері, 46 жастағы Бибігүл Шпанованы өлтірген Арман Жетпісовті өмірбойына соттады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Ақ жайық» басылымы хабарлағандай, сот жабық режимде өткен. Соттың үкімін естіген марқұмның туыстары судьяға құрмет танытып, ду қол шапалақтаған.

Тергеу анықтағандай, 38 жастағы Арман Жетпісов бұрын да сотталған. Атырауда тұратын оның тұрақты жұмысы болмаған екен. «Француз ауданы» тұрғын үй кешеніндегі адамдардың сеніміне кіру үшін ол ұсақ-түйек жұмыс істеп, олармен араласа бастаған. Ал, марқұм Бибігүл Шпанова дәл сол тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып, енді сол үйден паркинг іздеген екен.

Арман Жетпісов паркинг алып беруге көмектесемін деп әйелден ірі көлемде ақша алған көрінеді. Алайда, уәдесін орындамаған. Сондықтан, марқұм ақшасын қайтарып беруді талап еткен. Паркингке қатысты құжаттарға қол қою керек деген сылтаумен Бибігүл Шпанованың пәтеріне кірген қаскөй оны аяусыз өлтіріп кеткен.

«Қылмыскер әйелді зорлап, артынан оны пышақтап өлтірген. Пәтерден кетерде марқұмның қымбат заттары мен көлігінің кілтін алып кеткен. Дәл сол көлікпен Маңғыстау облысына барғанда ұсталған. Күдіктіден Шпанованың жеке заттары табылды», — деп хабарлайды «Ақ жайық».

Тергеу Арман Жетпісовті алаяқтық, адам зорлау, ұрлық, көлік ұрлау және адам өлтіру баптары бойынша айыптаған. Судья Зарема Хамидуллина күдікті бір емес, екі адамды өлтірді деді.

«Сот отырысы кезінде сотталушы «егер оның аяғы ауыр екенін білсем, өлтірмес едім» деді. Бірақ, аяғы ауыр ма, жоқ па екеніне қарамастан, ешкім ешкімнің өмір қия алмайды. Ол сәби күтіп жүрген әйелді аяусыз өлтірді. Сондықтан, ол бір емес, екі адамның өмірін қиған болып саналады», — деді судья.

Судья Арман Жетпісов марқұмның жақындарынан кешірім сұраса да оның көзінен еш өкініш байқамағанын айтты.