Factcheck.kz ақпаратты тексеру бойынша Meta компаниясының серіктесі атанды

Фото: Фактчек

Meta корпорациясы Facebook, Instagram және Threads желілеріндегі дезинформацияны әшкерелеу үшін қазақстандық Factcheck.kz сайтын вирусты дезинформация мен жалған ақпаратты анықтайтын бағдарламасына қосты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі. 

Сайттың хабарлауынша, үшінші тараптың фактілерді тексеру бағдарламасы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері оған дүние жүзінде 60-тан астам тілде жұмыс істейтін әрі Халықаралық фактчекинг желісінің (IFCN) қатаң іріктеуінен өткен 100-ден астам тәуелсіз ұйым қосылды.

«Meta жалған ақпаратпен тиімді күресу үшін контенттің рас-өтірігін тексеретін әлемнің түкпір-түкпіріндегі тәуелсіз фактчекерлермен серіктестік орнатқан. Фактчекерлер ақпаратты жалған, ішінара жалған я болмаса өзгертілген деп бағалаған соң, Meta пайдаланушылардың ол жаңалықты көру мүмкіндігін азайтады. Бұл жалған ақпараттың тарауын тежеп, оны көретін адам санын азайтуға көмектеседі. Жалған контентті жиі жариялайтын парақшалар, топтар мен аккаунттардың көрілімі азайып, олардың монетизация мен жарнама жасау мүмкіндіктері шектеледі. Жазба жалған деп белгіленсе, Meta жазбаны көрген не оны бөліскісі келген адамдарға бұл туралы ескертеді», — деп жазылған Factcheck.kz хабарламасында.

Айта кетерлігі, фактчекерлер контентті не аккаунттарды жоюмен я болмаса оларды Meta платформаларында бұғаттаумен айналыспайды. Фактчекерлер Facebook, Instagram және Threads желілеріндегі жалған ақпаратты әшкерелеп, қаншалықты бұрмаланғаны жөнінде баға береді.

Meta компаниясының стратегиялық серіктестікті дамыту менеджері Николь Хан Factcheck.kz пен Meta серіктестігі туралы ойын білдіріп, «Meta платформаларындағы жалған ақпаратты азайтуға қатысты жұмысымыз жалғасып жатыр және бүгін Factcheck.kz Meta компаниясының Қазақстандағы үшінші тараптың фактілерді тексеру бағдарламасына қосылғанына қуаныштымыз. Meta платформаларын қолданушылардың сенімді ақпарат тұтынуы үшін істеп жатқан жұмысымызға Factcheck.kz атсалысады», — деді.

Factcheck.kz – 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан MediaNet Халықаралық журналистика орталығының жобасы, Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби фактчекинг ресурсы. 2018 жылдан бері әлемнің жетекші фактчекерлерін біріктіретін Халықаралық фактілерді тексеру желісінің (IFCN) сертификатталған мүшесі.

269