Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын Албанияға қарсы өткізеді.
Ел құрамасы алтыншы топта Армения, Дания және Албаниямен шеберлік байқасады. Топ жеңімпазы Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алады. Екінші орын алғандардың ішінен 8 үздік құрама өтпелі матч ойнайды.
Іріктеу кезеңі 2024 жылдың 13 желтоқсаны мен 2025 жылдың 12 наурызы аралығында болады.
Ел құрамасы 13 желтоқсанда сырт алаңда Албаниямен кездессе, 18 желтоқсанда өз алаңында Арменияны қабылдайды.
Ал 2025 жылдың 1 ақпанында сырт алаңда Даниямен ойнаса, одан кейін аталған құрамамен өз алаңында 5 ақпанда шеберлік байқасады.
Сондай-ақ 7 наурызда Қазақстан футзалшылары өз алаңында Албанияны қабылдаса, 12 наурызда Армения құрамасына қонаққа барады.
Бас бапкер Рикардо Кака Албания мен Арменияға қарсы екі кездесуде тізімге 17 ойыншы енгізді.
Футзалдан Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімі:
Қақпашылар: Лео Игита («Семей»), Нарун Серіков («Қайрат»), Қанат Жеткірбаев («Ақтөбе»);
Алаңдағы ойыншылар: Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангір Рашит, Арнольд Кнауб, Дамир Қайырбай (барлығы – «Қайрат»), Дуглас («Әл-Ула», Сауд Арабиясы), Шыңғыс Есенаманов, Ақжол Дәрібай, Әбдірәсіл Абдуманапұлы, Ержан Карменов (барлығы – «Семей»), Азат Валиуллин, Нұрмұхаммед Исмаилов (екеуі де – «Аят»), Лео Мендонка (РФШ, Латвия), Нұрқанат Бақтияров («Жетісу»).
Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионаты финалдық сатысында үш мәрте сынға түсті. 2016 жылы — 3, 2018 жылы — 4-орын алды.
Фото: ҚФФ