«Этнос өкілдері мен мемлекеттік қызмектерлер»: Алматы әкімдігі қазақ тілін үйретуге 20 млн теңге ғана бөлген

Алматы қаласы әкімі аппараты қала түрғындарына қазақ тілін үйретуге 20 млн теңгеге жуық қаржы бөліп отыр, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігінің тілшісі,

Дегенмен көпшілік қазақ тілін үйретуге қатысты әкімдіктердің қызметінде кейбір кемшіліктер мен қателіктер байқалуы мүмкін екенін айтып, күмәнмен қарайды.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының бұйрығы негізінде Мемлекеттік тілді дамыту институты аталған тапсырысты іске асырады. Жобаның құны — 19 999 000 теңге.

Сатып алудың техникалық сипаттамасында Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне, қала тұрғындарына, оның ішінде этнос өкілдеріне қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастыру көзделген.

Жобаның орындалу мерзімі – 2024 жылғы 1 ақпаннан 15 желтоқсан аралығында. Институт қала тұрғындарына тілді онлайн платформа арқылы үйретуді жоспарлаған.

«Жобаның міндеттері — мемлекеттік қызметшілерге, қала тұрғындарына, оның ішінде өзге этнос өкілдері мен қызмет көрсету саласының (сауда, қоғамдық тамақтандыру және т.б.) қызметкерлеріне қазақ тілін онлайн және оффлайн форматта оқыту; — қазақ тілін оқыту курстарының жұмысын қазақ тілін үйренушілерге арналған «Almaty til» порталын қолдану арқылы қамтамасыз ету», — делінген техникалық сипаттамасында.

Қазақ тілін үйрету мақсатында оқушылар үшін 10 компьютер, 5 ноутбук, сенсорлы интерактивті тақтадан 2 дана сияқты қажетті құрал-жабдықтар бюджет есебінен сатып алынбақ.

Қазақстандағы қазақ тілін үйрететін мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне және бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуына және ресурстардың дұрыс пайдаланылмауының теріс салдарына қатысты мамандар бірнеше себептері алға тартады.

Көп жағдайда қазақ тілін үйретуге байланысты бағдарламаларды жүзеге асыруда бақылаудың болмауы немесе әлсіздігі қаржының дұрыс игерілмеуіне жағдай туғызады. Бұл, әсіресе, аймақтық деңгейде байқалуы мүмкін, себебі жергілікті деңгейдегі бақылау жиі формальды сипатта өтеді.