12 тамыз күні Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар арасында шығармашылықты дамыту, жастар арасында бос уақытты ұйымдастыру, жастардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру, жастарға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында Халықаралық жастар күніне орай Есіл өзенінің жағалауы, Кенесары хан ескерткішінің алаңында «ЖАСТАРМЕН БІРГЕ» OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерті өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен.
Елордада өткен аталмыш іс-шара туралы Qazaq Today тілшісі Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманымен тілдесті. Бас маманның айтуынша, бұл кешті өткізудің өзіндік мақсаты мен міндеті бар.
«Өздеріңіз білетіндей бүгін — жастар күні. Осы күнге орай, бізде іс-шаралар он күндігі жарияланды. Бұл он күндік ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және өңірлік әкімдіктермен біріге жүргізіліп жатыр. Астана қаласы әкімдігі он күндік аясында бірнеше шара атқарып келеді. Олардың ішіне жастарға ашық аспан астында патриоттық кино көрсету, кешегі Ұлы Абайдың туған күніне арналған шаралар кіреді. Одан бөлек бүгін Есілдің жағасында жастарға арнап кеш өткізіп жатырмыз. Бұл кеште түрлі қызықты интелектуалды ойындар болады. Ойында жастардың танымына әсер ететін түрлі сұрақтар қойылып, жауап бергендерге бағалы сыйлықтар беріледі. Іс-шараның мақсаты елорда жастары мен қонақтарына жағымды атмосфера сыйлау. Сонымен қатар жастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеп, оларға көңілді кеш ұйымдастыру», деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Айдар Ерлан Нұрланұлы.
Кеш қонақтары Дастан Оразбеков, Ізбасар Кеңесов, Жеңіс Ғарифулла, Нурик Бармаков сияқты жастар арасында танымал отандық эстрада жұлдыздары болады және кешті BayGUYS тобы жүргізді.
«Жастармен бірге» жастар фестивалінде Instagram әлеуметтік желісінде жастар арасында өткен «Абай жолымен» байқауының жеңімпазы марапатталды. Сыйлық – Iphone 15 pro.
Мерекелік концертте жастар арасында 50 бағалы сыйлықтар (power bank, құлаққаптар, үндеткіш) ойнатылды. «Open Air» фестивалі қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін өткізілді.
Қала тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыс жаудырып, уақыттарының қызықты өткенін айтты.