Қызылорда облысында Тасбөгет кентінде келіншегінің қос қабырғасын сындырған тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Ол ауруханада жұмыс істейтін жұбайын болмашы жағдайға бола мекеме ішінде ұрып-соқаны үшін күллі елге танымал болды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Оқиғаға полицейлермен сұхбаттасу үшін Тасбөгет ауылына барған журналист Жазира Бегалы куә болған. Зардап шеккен Сәуле Акимованың айтуынша, ол дәрігерден күйеуінің медициналық порталы туралы мәліметтерді сұраған. Алайда дәрігер әйелдің жұбайына қоңырау шалып, оны өзіне шақыртқан. Ашуланған ер адам медициналық мекемеге келіп, дәл сол жерде әйелін аяусыз ұрған. Әйелге екі қабырғасында жарық диагнозы қойылды.
Сәуле ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Оның екі баласы бар.
“Ауырып тұрмын, жаным қиналып тұр. Күйеуімнің үстінен арыз жазып, қаматқым келеді. Аурухана қарап, ауруды басатын дәрі берді. Қабырғамды күйеуім ұрып сындырды. Осымен екінші рет. Өткенде де осылай еткен.
Әрқашан осылай мені ұрады. Ішіп алса да, ішпесе де… Тілі де жаман. Балағаттай береді. Ауруханада санитар болып жұмыс істеймін. “Сол жердегі еркектермен ойнассың” дейді. Ол жерде 99 пайыз әйел адам жұмыс істейді. 8-ақ ер адам бар үлкен ауруханада. Солармен мені қосып, үнемі балалардың көзінше балағаттап, табалай береді”, – деді келіншек.
Ал Сәуленің күйеуі болса өз қателігін мойындамайды. Әйелін ұрып үйреніп қалған ауыл тұрғыны бұл әрекетін қалыпты іс деп санайды.
«Менің қатыным, өзім білемін. Сотқа жүгінемін, бұл менің отбасылық ісім», — деді ер адам видеода.
Қызылорда облысының полиция департаменті денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
«Жәбірленуші екі баласымен дағдарыс орталығына орналастырылды. Онда оларға жан-жақты психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Отбасын қорғау мақсатында күдіктіге (3 топтағы мүгедекке) қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды», — деп хабарлады Stan.kz.
Қылмыстық іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.