«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған шенеунік мемлекеттен 340 млн теңге ұрлаған

Павлодар облысында бөлім басшысы сотталды. Алдын ала сөз байласу арқылы мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген шенеунікті сот 7 жылға соттады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Ақсу қаласындағы су құбырын қайта жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтаған. Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мұздыбаев, «Дала» ЖШС директоры Рыспеков және техникалық қадағалау маманы Нұртазин іс жүзінде орындалмаған жұмыс актілеріне қол қойған. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 340 миллион теңге көлемінде  материалдық залал келтірілген.

«Ақсу қалалық соты Мұздыбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің атына оны мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалінен айыру туралы ұсыныспен 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Рысбековты 9 жылға, Нұртазинді 7 жылға бас бостандығынан айырды», — деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің  баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енді

19