Фото: sputniknews.kz: UGC
Енді қазақстандықтар жеке куәлікті онлайн ауыстыра алады. Бұл қызмет айдың соңына дейін іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Министр сұранысқа ие қызметтердің бірі — жеке куәлікті ауыстыру екенін айтап өтті.
Бұрын азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, фото түсіп, ұзын сонар кезекте тұратын еді. Айдың соңына дейін бұл процесс толығымен онлайн форматқа көшіріледі. Біз процестерді сәтті сынақтан өткіздік және фотосуреттің талаптарға сәйкестігін маманның орнына AI-модель бағалайтын жүйені оқытуды аяқтап жатырмыз, — деді Мәдиев.
Процесс барынша қарапайым болады:
— идентификациядан өту,
— фото мен қолтаңбаны жүктеу,
онлайн төлем жасап, құжат дайын болғаны туралы SMS күту.
Кезексіз, бармай-ақ, бәрі үйден шықпай жасалады. Аталған сервис шамамен 1 миллион азаматтың Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажеттілігін жояды, — деп айтты ведомство басшысы.