Ұлттық ұланда жасанды интеллектінің көмегімен психологиялық тестілеу жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жобаны әзірлеуші Ерғали Мәбиевтің мәлімдеуінше, жүйе сынақтан өтушінің жауаптарына сәйкес сұрақтардың мазмұны мен күрделілік деңгейін динамикалық түрде өзгертіп отырады. Бұл әдіс дәстүрлі тестілеу тәсілдеріне қарағанда адамның психологиялық жағдайын анағұрлым дәл және тиімді бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені, артық сұрақтар қысқартылып, маңызды аспектілерге назар аударылады. Мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйе әскери бөлімдердің серверлерінде локалды түрде орналастырылады.
Жаңа жүйе елордадағы гарнизонның әскери бөлімдерінде борышын өтеп жатқан сарбаздар арасында жүргізіледі.
Ақпаратта айтылғандай, аталған технологияны енгізу – әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әскери бөлімдерде моральдық-психологиялық климат қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ.