Қоғамда Мемлекеттік рәміздерді өзгерту, қайтадан қарастыру мәселесі туындап жатыр екен. Өткенде жүргізілген сауалнамадан кейін ондай сұрақтар көтеріліп, түрлі ұсыныстар айтылуы заңды нәрсе. Менің де көптеп көкейімде жүрген бір түйткілді сауалдар бар. Ол Елтаңбадағы бейнелерге, атап айтқанда бір элементке байланысты.
Елтаңбадағы атрибуттарға келсек, ондағы атрибуттардың бірі біздің ұлтымыздың ұғымына аса келмейтін тұлпардың мүйізі. Мұндай элементтер Шотландияның Елтаңбасында тұр. Ұлыбритания, Францияда және Ресей императорларының нышандарында осындай элемент кездеседі. Бұл мүйізтұмсық элементі деп аталады.
Біздің қазақтың көне жырларын, қиссаларын қарасаңыз біздің тұлпарларда мүйіз кездеспейді. Осы белгіні бізде кейбір тарихшылар біресе Сақтарға, біресе ғұндарға теліп жүр. Ол біздің ұғымға, ұлтымыздың дүниетанымына, табиғатына келмейді. «Гүннен туған, күннен туған» деп Мағжан айтқандай ол ғұндарданда алыс, жат ұғым. Осы бір элемент үлкен сұрақ туғызады.
Егер қоғам болып, Елтаңба атрибуттарын қайта қараймыз десек, осы мәселені де ұмытпауымыз керек. Түрлі саланың мамандары, сарапшылар өз ойларын, ұсыныстарын жеткізеді деп ойлаймын. Менің айтар пікірім, қосар ойым осы.