Үкімет отырысының брифингінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров дағдарысқа қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа БАҚ өкілдері экономист сарапшылар алдағы екі жылда Қазақстанда үш ірі дағдарыс болатыны туралы болжам жасағанын айтып, сұрақ қойды.
«Менің ойымша, бұл дұрыс ақпарат емес. Ешқандай импорт пен экспорттың дағдарысы болмайды. Біз Ұлттық банкпен бірігіп болжам жасағанбыз. Ондағы цифрларға мен қарап отырмын. Біздің сауда балансымыз алдағы 5 жылда тек оң деңгейде болады. Көрсеткіш 20 млрд доллардан асады. Алдағы 5 жылда экспорттың импорттан көлемі 20 млрд доллардан кем болмайды. Сондықтан мұны негізсіз ақпарат деп ойлаймын. Оған сенбеңіздер. Біз ешқандай дағдарысты болжап отырған жоқпыз. Мақсатымыз экономиканы 6%-дан асыру. Оған барлық мүмкіндік бар. Ол үшін тек жұмыс істеу керек. Біз экономикалық өсімді ғана күтеміз. Ешқандай дағдарыс болмайды», — деп жауап берді Байбазаров.