Елімізде 24 наурыздан бастап біраз адам ұялы телефонынан айырылуы мүмкін

Фото: canva.com

Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің сымсыз байланыс жобаларын дамыту және бақылау басқармасының басшысы Диас Төлегенов хабарлады. 

Оның сөзінше, абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу қағидаларына өзгерістер 1 айдың көлемінде күшіне енеді.

Аталған қадам арқылы заңсыз телефондарды енгізуге тыйым салуға әбден болады.

– «24 наурыздан кейін белгілі бір нөмірлер бұғатталады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі норма 24 наурыздан кейін Қазақстанға келетін телефондарға қатысты қолданылады. Ал оған дейін сатып алынған телефондар бірден «ақ» тізімге енеді. Бұл өзгерістің басты мақсаты – телефонның зауыттан қолданушыға дейінгі жолы ашық әрі заңды болуы. Бұл заңсыз телефондарды енгізуге тыйым салады, – деді Д.Төлегенов.

Сондай-ақ, Мемлекеттік радио жиілік қызмет өкілі Сәуле Темірхан аталған норманың кімге қатысты екеніне тоқталып өтті.

– Телефон қолданатын қарапайым азаматтарға бұл норманың әсері жоқ. Ол телефон сатумен айналысатын адамдарға қатысты болмақ. Яғни, импорттаушылар мен өзі үшін сатып алған жеке тұлғалар сәйкестендіруден өтеді. Бұйрық шыққан соң порталға сілтеме салынады. Сонда тіркеліп, телефонның сипаттамасын жазу керек. Телефонды импорт ретінде әкелгендер декларация құжаттарын, жеке тұлғалар шекараны кесіп өту мен телефон алынған елді жазады. Бұл ақпарат GSM жүйесінен тексеріледі. Сондай-ақ ақпарат елдің кеден органдары мен салық, шекара қызметінде тексеріледі. Ол бойынша ақпарат расталса, қондырғы сәйкестендіріледі, – деп қоса кетті ол.

Егер қондырғы сәйкестендіруден өтсе, ол «ақ тізімде» болмақ. «Сұр тізім» үшін 30 күн уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде олар телефонын тіркесе, «ақ тізімге» ауысуға мүмкіндік бар. Ал «қара тізімге» GSM жүйесіне енбеген, бұғатталған және ұрланған телефондар енеді.

– Сондай-ақ, «қара тізімге» жалған қондырғылар мен талаптарға сәйкес болмаған телефондар да кіреді. Ондай телефондар ұялы байланысқа қол жеткізе алмайды. Алайда «қара тізімде» тұрған телефонды 30 күн өтсе де, оны тіркеп, «ақ тізімге» өтуге мүмкіндік беріледі, – деді Мемлекеттік радио жиілік қызмет өкілі.