Экономист Мақсат Халық Үкімет пен жергілікті билікті сынға алды. Ол Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері әлеуметтік жағдайға сәйкес емес екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Экономист ең төменгі жалақыны не үшін 85 мың теңге қылып белгілегенін билік түсіндіріп бере алмайды деп сынады. Айтуынша, тек Президент айтқан соң ғана, үкімет ең төменгі айлық табысты 85 мың теңге қыла салған. Алайда, ол шынайы өмірге мүлдей сай келмейді. Билік қазақстандықтардың орташа айлық табысын 380 мың теңгеден асты деп мәлімдеді.
«Қазіргі күнде халықтың ең төменгі жалақысы 85 мың теңге деп бекітілген. Шын мәнінде солай ма? Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, орташа медиандық жалақы, елдегі атаулы жалақының 3/1 бөлігін алады. Қазіргі уақытта елдегі орташа жалақы 380 мың теңгеден сәл асты. Сонда оның 3/1 бөлігі дейтін болсақ, демек 125 мың теңге қаражат шығады. Демек, 85 мың емес 125 мың болу керек дегенді көрсетіп тұр. Медиандық жалақының өзі 250 мың теңгеден асады. Демек ол, нақты 125 мыңның үстіне шығу керек деген сөз. Әлемдік статистикаға қарап отырып, нақты шешім көрсетіліп отырған. Біз халықтың жалақысы 300-400 мың болсын деп тұрған жоқпыз. Көрсеткіштерге қарап үңілетін болсақ, 85 мың емес, 125 мың теңгенің үстіне шығу керек», — деді экономист Qazaq Airan ютуб арнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол, халықтың тым кедейленіп, ауылдан қалға тоқтаусыз ағылып жатқанын да көтерді. Оның басты себебі, ауыл тұрғындарына қолайлы өмір сүруге жағдай мүлдем жасалмаған. Халық сапалы медициналық қызмет, балаларына сапалы білім іздеп ірі қалаларға ағылуға мәжбүр. Сәйкесінше, қалада күнкөріс үшін қаңғып жүрген адам көп. Ірі қалаларға келгендердің бәрін жақсы өмір де күтіп тұрған жоқ.
«Халық ауылдан көшіп қалаға келіп жатыр. Негізгі мақсат нан бағу, жан табу. Қандай да болсын жұмыс тауып, нан тапсам екен деген ниетпен келеді. Кейбір азаматтар тіпті үлкен қалада мүмкіндіктер көп деп келеді. Әрине, мұның көптеген себептері бар. Бірінші кезекте ауылдық жерлердегі, өңірдегі жұмыс мүмкіндіктерінің дұрыс жолға қойылмауы. Ол жердегі еңбекақының өте төмен екендігі. Инфрақұрылымдық жағдай, білім, денсаулық сақтау болсын, барлық жағынан төмен екендігі. Соның барлығын азаматтар текшейді да, осы қызметтерді сапалы қалада алуға мүмкін бар деп, қалаға қарай ағылады. Ауылдық жерлерде, өңір аймақтың барлығын қарайтын болсақ, ол жерде не инфрақұрылым жоқ, не сапалы медициналық көмек көрсетілмейді, я болмаса балалардың жеке дамуына арналған мәдениет үйлері жұмыс жасамай тұр. Осы әлеуметтік көрсеткіштер барлығы түптеп келіп, азаматтарымызды қалаға қалай итермелеп келе жатқан жағдайы бар», -деді Мақсат Халық.
Оның сөзінше, қазіргі Үкіметтен керемет экономикалық серпіліс күтудің қажеті жоқ. Тек жемқорлықтан артылтып берсе, соның өзі елге әжептәуір жетістік болады.
«Үкіметке біздің үмітіміз сыбайлас жемқорлықпен байланысы бар ортадан шыққаннан кейін, жаңа премьер-министріміздің үкімет жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты тазартып берсе де, ол да бір ерлік болатын еді. Одан жаңа экономикалық модельдің үлгісін сұрап, эконмикалық өсім, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсату, өмір сүру сапасы деген талаптарды қоюдан бұрын, жүйедегі олқылықтарды, сыбайлас жемқорлықты жойса оның өзі дұрыс болар еді. Экономикалық серпіліс күтудің қажеті жоқ», — деді ол.