Экс-министр Ажар Ғиният мектеп бітіргеніне 40 жыл толуын тойлап ауылында жүр

Фото: видеодан скриншот

Желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сыныптастарымен бірге туған ауылында өткен 40 жылдық кешке қатысқаны туралы видео тарады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Ажар Ғиниятқызы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылында дүниеге келген. 1985 жылы осы ауылдағы Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепті тәмамдаған. Биыл мектеп бітіргендеріне 40 жыл толуына орай, экс-министр туған жеріне арнайы барып, сыныптастарымен бірге кешке қатысқан.

Желі қолданушылары Ажар Ғинияттың қарапайым келбетін ерекше атап өтіп, жылы лебіздерін білдірді.

«Керемет, қарапайым ауыл қызы», «Жарайсыз», «Мұндай көріністер жүрекке жылы» деген пікірлер көптеп жазылған.

Айта кетейік, Ажар Ғиният 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап 2024 жылдың 6 ақпанына дейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта ол Ұлттық балаларды оңалту орталығының директоры қызметін атқарады.

Сыныптастары арасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Мұнайдар Балмолда да бар. Ел алдында жүрген тұлғалардың қарапайым ауыл кешіне келіп, өткенін ұмытпай, ел-жұртымен қауышуы көпшілікке үлгі болуда.