Экс-депутаттың баласы күзетшіні бірнеше рет басып өлтірген: тың дерек белгілі болды

Алматыда «Меркур Тауэрс» тұрғын үйінің күзетшісін көлігімен бірнеше рет қатыгездікпен қағып өлтірген экс-депутаттың баласының ісіне қатысты жаңа дерек белгілі болды.

Алматы прокуратурасы Tenginews.kz редакциясына бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу 29 наурызда басталғанын хабарлаған.

«Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 45-бабының 7-бөлігінің 4-тармағының негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылдады», — дейді ведомство өкілдері.

Бұл бапта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі заңда белгіленген тәртіппен куәландырылған күдіктінің, айыпталушының психикасының уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр сырқаты кезінде тоқтатылады деп көрсетілген.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға биыл наурыз айында болған еді. Алматыдағы элиталы үйдің тұрғыны күзетшіні асқан жауыздықпен өлтірген. Көлікпен үш рет мыжып, шалажансар күзетшіні тепкілеген. Марқұмның жақындары осы жайтқа қатысты пікір білдірді.

Оңбай жараланған күзетші ауруханаға жеткізілгенімен, тілге келместен жан тапсырды. Нұрбол Қайыпбаевтың артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғаға екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті азамат көлікті масаң күйде айдап, қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңға қайшы екенін түсіндіруге тырысыпты.

Сұмдық оқиға болған тұрғын үй кешенінің аумағы қанға боялып жатты. Куәгерлердің айтуынша, күзетші ер адам бұл жерде шамамен 5-10 минуттай қансырап жатып, артынша ауруханада көз жұмған. Марқұмның артында шырылдап үш баласы қалды, олар — 14, 10 және 5 жаста.

16