Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауда 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жеткізу керектігін міндеттеді. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды іс. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім деп айтты.
Осыған қатысты, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Бапаев пікір білдірді.
«Бұл мәселеде Даму қоры Үкіметтің қабылдаған шешімдеріне сәйкес нақты жұмыс атқарып отыр. Атап айтар болсақ, жыл басында Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарламаны қабылдады. Даму қоры осы кешенді бағдарлама аясында жыл басынан бері 14 мыңнан астам бизнес жобасына 745,4 млрд теңгеге қаржылық қолдау көрсетті. Кешенді бағдарламада кәсіпкерлікті қолжау шараларын одан әрі жақсарту мақсатында көптеген параметрлер өзгертілді. Енді жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу кемінде 50 пайыз өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады. Және қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. Сонда қолдау алған қызмет көрсету саласы кезең-кезеңімен нарықтық жағдайға көшуі тиіс.
Бұған қоса, бағдарламада мемлекеттік қолдаудың баламалы құралы ретінде синдикатталған несиелеу қарастырылған, ол бір мезгілде бірнеше банк арқылы 15 млрд теңгеге дейін ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді. Облигациялық қарыздар беру шарттары да едәуір кеңейтілді. Бұл шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін арттыруға нақты серпін беретін шаралар», -деді Мұрат Бапаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар деді». Шын мәнінде бағдарламалар өте көп.
«Біздің ойымызша оптимизацияның негізгі тиімді көзі – цифрландыру. Даму қоры бұл жұмысты жоғарғы қарқында жүргізіп келеді. Қазір қордағы процестерді цфирландыру деңгейі 100 пайыз. Субсидиялар мен кепілдіктерді алуға online.damu.kz порталы арқылы өтінім беруге болады. Ал жобалар тездетілген режимде 1 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қаралады. Кепілдік және субсидиялау келісімдері де онлайн режимінде джасалып, қол қойылады. Қабылданған шаралар Қорға қосымша өтініштерді қарау үшін штат санын көбейтпей-ақ, кәсіпкерлерді көбірек қамтуды арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, біз бүкіл процесті ашық етіп, кәсіпкерлер мен қызметкерлер арасындағы тікелей байланыстарды барынша азайттық.
Ал қолдау шараларын қысқару бойынша, жаңа айтып кеткенімдей «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру арқылы үлкен қадам жасалып отыр. Бұл жұмыс жалғаса береді. Және кәсіпкерлер үшін өте түсінікті, қолдайлы, кешенді өнімдер беру бойынша жұмысты жалғастыра беретін боламыз. Нәтижесінде ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімі әзірленеді», -деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.