«Экономика саласындағы басшылар Қазақстанды қайыршы қылып отыр». Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы сұхбат берді

Фото: «Qasqa jol» YouTube арнасы

ҚР Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназар «Qasqa jol» YouTube арнасына сұхбат беріп, Қазақстанда 32 жылда болған дағдарыстарды тізіп шықты. Сондай-ақ ел экономикасы туралы тарқата айтып, Ұлттық қордағы қаржы көлеміне де тоқтала кетті, деп хабарлайды Qazaq Today aқпарат агенттігі.

Ғалым Байназардың айтуынша, біздің елді дағдарыстан алып шыққан қордағы ақша.

«2007 жылы Америкада басталған дағдарыс дүниежүзін шарпыды. Оның қасіреті біздің елге де келді. Бірақ ол кезде Ұлттық қорда болған қаражаттың арқасында дағдарыстан жылдам шықтық. Кейін қолымызға ақша түсе бастаған кезде біздің ел басындағылар дамыған 50, 30 елдің қатарына кіреміз деп, стратегиялық жоспар жасады. Бірақ оның біреуі де іске асқан жоқ. Барлығы халықты алдау, дақпырт, көзбояу болып шықты. Осы кезде біздің елде үлкен коррупция пайда болып, қолдағы ақша жұтылып кетті. Назарбаев ай сайын ашқан мекемелердің ешқайсы іске қосылған жоқ. Одан кейінгі дағдарыс COVID19 кезінде болды. Саяси өзгерістердің уақыты да осы кезеңге тап келді. Тағы да қолда бар ақшаның арқасында аман қалдық. Пандемия уақытында үш пайызға төмендеген экономикамыз, бүгінде бес пайызға көтерілді. Яғни, өсім бар деген сөз. 32 жылдың ішінде жалпы үш дағдарысты өткердік». 

Қаржыгердің сөзінше, ел экономикасында айтарлықтай өсім бары байқалады. Бірақ халықтың жағдайы неге өспейді деген сауалға төмендегідей жауап берді.

«Халықтың жағдайы мен экономиканың өсу динамикасын қатар салыстыруға болмайды. Конституциямызда көрсетілгендей біз әлеуметтік-экономикалық саясатты ұстанатын мемлекетпіз. Халықтың жағдайы экономикамыздың өсу динамикасынан әлдеқайда төмен. Байлар мен орташа табыс табатындардың арасы жер мен көктей. Бұдан біз әлеуметтік-экономикалық саясатты ұстанатын елге жатамыз ба, жатпаймыз ба деген сұрақ туындайды. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанда» әлеуметік теңдік болуы керек деп жатыр. Қазақстанның экономикалық модельін өзгертеміз деген сөз тегіннен айтылған дүние емес. Мен айтып отырған цифрлардан Президент хабардар».

Сондай-ақ біздің елде ақша жоқ, шетелден инвестиция тартпасақ күніміз қараң деген экономистердің сөзін жоққа шығарды.

«Біз жекеменшікті қатты мадақтап, нарықтық экономикадан басқа жолдың барлығын ұмыттық. Өйткені Үкіметтің басында отырғандардың көбі шетелден оқып келгендер. Олар төмен жақтағы экономиканы білмейді. Шетелдік модельдерді алып келді. Олардың саясаты үлкен банктерді тартып, кішкентайларына мән бермеу. Осы уақытқа дейін инвесторлар болмаса Қазақстан өспейді деген саясат жүргізіліп келе жатыр. Бұл — дұрыс емес. Бізде барлығы 240 миллиард доллар ақша бар. Экономика жүйесіндегі басшылар бізде ақша жоқ дейді. Шетелден инвестиция тарту керек деп қолымызды жайғызып дүниежүзінің алдында бейшара қылып қойды. Өйткені олар теңгені ақша деп есептемейді. Оларға доллар ақша да, теңге балама нәрсе».