Жуырда Астана қаласында «Астананың ең сұлу жас мұғалімі-2025» деген онлайн-фотоконкурс жарияланып, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бұл шараға қатысты өз ұстанымын білдірген министр Ғани Бейсембаев конкурс мақсаты педагогикалық мамандықтың беделін көтеріп, жастарды мектепке тарту екенін атап өтті. Дегенмен, министрдің өзі де «тек сыртқы келбет бойынша баға беру дұрыс емес» деп, шараның сыртқы пішініне ғана негізделуін қолдамайтынын меңзеді. Бұл туралы Qazaq.today порталы EurasiaPluse сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото Depositphotos.com
Әу бастан педагогика – тек жұмыс емес, ол шын мәнінде қоғамға қызмет ету, жүрекпен атқарылатын ұлы миссия. Әрбір мұғалім әдемі, әдемілігі – оның кәсібилігінде, білімінде, ішкі дүниесінің кеңдігінде, балаларға деген жанашырлығы мен адалдығында. Әдемілік – бұл сыртқы келбет емес, педагогтың рухани байлығы, адамгершілік келбеті мен кәсіби шеберлігі.
Әрине, жастардың ұстаздық қызметке қызығушылығын арттырудың түрлі жолдарын іздеу – маңызды міндет. Алайда, осы бір конкурс педагогика саласындағы басты құндылықтармен үйлесімді ме? Білім беру саласы қазіргі таңда сыртқы сән мен көзге көрінетін «пиардан» әлдеқайда маңыздырақ, мазмұндық бағытты талап ететіні белгілі.
Қоғам белсенділері мен тәжірибелі ұстаздар конкурсқа қатысты сын пікір білдірді. Педагог-журналист Нәзия Жоямергенқызы әлеуметтік желіде былай дейді:
«Тіпті «ең әдемі жас мұғалім» деген сөз тіркесінің өзі мұғалім ортасына жат. Барлық ұстаздарды әдемі деп санаймын. Олардың барлығы да өз ісін жақсы көреді, кәсіби шебер, жауапты, қамқор жандар. Балалар мен балалық шақты қадірлей білетін, жан дүниесі әсем адамдар. Мұғалімді сыртқы параметрлеріне ғана бола мамандыққа тарту дұрыс емес. Мұғалім болу – бұл жұмыс емес, бұл қызмет ету».
Шын мәнінде, ұстаздық саладағы мамандардың қатарын жастармен толықтыру өте қажет. Бірақ жастарды мектепке тартудағы негізгі көрсеткіш адамның сыртқы келбеті болмауы тиіс. Керісінше, жастарды мектепке білім сапасы, ұстаз мәртебесі мен әлеуметтік қолдау сияқты жүйелі мәселелердің шешімімен қызықтыру әлдеқайда тиімді.
«Әдемі» немесе «сұлу» деген сипаттама ұстаздық қызметтің негізгі мақсатын аша алмайды. Оқушы мұғалімнің сырт келбетіне емес, ең алдымен оның ішкі дүниесіне, кәсібилігіне, білімі мен рухани тәрбиесіне назар аударады.
Педагогикалық салаға жастарды тартудың дұрыс жолы – мұғалім мәртебесін көтеру, ұстаздарға лайықты әлеуметтік қолдау көрсету, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, педагогикалық білім беру мазмұнын жетілдіру. Әлеуметтік желідегі фотоконкурстар уақытша қызығушылық туғызғанымен, ұстаздық мамандыққа деген шынайы құрмет пен қадірді ұзақ мерзімде арттыра алмайды.
Қорыта келе айтарымыз, кез келген шара педагогика құндылықтарымен ұштасып, ұстаз беделін көтеруге, білім сапасын арттыруға қызмет етуі керек. Әйтпесе, мұндай іс-шаралар қоғамда теріс түсінік туғызып, шынайы педагогтардың жүрегіне салмақ түсіруі мүмкін. Бұл – байыпты сараптап, ойлануды қажет ететін мәселе.