Джей Ло концерті Орталық стадионда өтпеуі мүмкін — «Қайрат» мәлімдеме жасады

Алматыдағы Орталық стадион Дженнифер Лопестің 10 тамызға жоспарланған концертіне бос болмауы мүмкін. Бұл туралы «Қайрат» футбол клубы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Кеше белгілі продюсер Мәлік Хасенов Дженнифер Лопес 2025 жылғы 10 тамызда Алматы Орталық стадионында жеке концерт береді деп жариялаған болатын. Алайда бұл жоспар футбол күнтізбесімен сәйкес келмей тұр.

«Қайрат» пен «Жеңіс» матчы және еурокубок

«Қайрат» ФК мәліметінше, 9 немесе 10 тамызда стадионда «Қайрат» пен «Жеңіс» арасындағы Қазақстан чемпионаты аясындағы ресми матч өтуі тиіс. Сонымен қатар 7 және 12 тамызда клубтың еурокубоктық ойындары жоспарланған. Осы себепті стадион УЕФА талаптарына сәйкес дайындалуы қажет, яғни өзге мәдени шараларға уақытша шектеу қойылады.

«2025 жылғы 16 мамырда Алматы қаласының Спорттық нысандар дирекциясынан Орталық стадионды мәдени шараға алдын ала брондау туралы ресми хат алдық. Жауап ретінде спорттық күнтізбе мен халықаралық міндеттемелерге байланысты бұл күндері стадионды босату мүмкін еместігін хабарладық», — делінген клубтың мәлімдемесінде.

«Қайрат» клубы диалогқа ашық

Футбол клубы мәдени бастамаларды құрметтейтінін, алайда спорттық кестенің сақталуы маңызды екенін атап өтті.

«Біз Орталық стадионды пайдалану кестесінде барлық тараппен сындарлы өзара іс-қимыл болады деп сенеміз», — дейді «Қайрат» ФК.

Астана Аренада да концерт өтеді

Айта кетейік, 1 тамызда Астана Аренада Дженнифер Лопестің концерті өтеді деп жоспарланған. Концерт ел экономикасына 6,5 млрд теңге кіріс әкеліп, 400 млн теңгеден астам салық түсіреді деп күтілуде.