Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы мен Қайрат Боранбаевтың қамалуының арасында қандай байланыс бар? Нұрсұлтан Назарбаевтың жұрт алдына шығуының астарында не жатыр? Конституцияға оған «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» статусын беретін өзгеріс енгізу бастамасын қалай түсінуге болады?
Досым Сәтпаев Азаттыққа берген сұхбатында осы және басқа да сұрақтарға жауап берді.
Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен оған жақын саясаткерлер мен кәсіпкерлер әртүрлі себеппен елдегі ықпалынан айырыла бастады. Экс-президенттің үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева алдымен коронавирус жұқтырып, еңбек демалысына шыққаны айтылды. Содан кейін ол отставкаға кетті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен қамауға алынды. Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалды ақша жымқырып, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен ұсталды. Оның бұрынғы әйелі бизнесті заңсыз тартып алды деген күдікпен қамауға алынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір інісі, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш қызметінен кетті. Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаев ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен екі айға қамауға алынды.
«Тәуекелді бағалау орталығының» директоры, саясаттанушы, Досым Сәтпаев Азаттыққа сұхбат берді. Ол Назарбаевтың туыстарына не болып жатқанын, оның өзі неліктен жазасыз қалғанын айтып, «Тоқаев Қазақстанды авторитаризм жолынан демократияға бұра ала ма?» деген сұраққа жауап берді.
«НАЗАРБАЕВ ТОҚАЕВТАН ҒАНА ЕМЕС, ПУТИННЕН ДЕ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КЕПІЛ АЛДЫ»
Азаттық: Кейінгі кездері Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен жақындарының басына бұлт үйірілді. Мұны Қаңтар оқиғасының салдары дей аламыз ба?
Досым Сәтпаев: Иә. Ерте ме, кеш пе осылай болар еді, бірақ Қаңтар оқиғасы бұл процесті жылдамдатты. Авторитар жүйенің бір ерекшелігі бар: егер биліктің дәстүрлі ортасы (біздің жағдайымызда Назарбаев) әлсіреп, орнына басқа адам келсе, бұрынғы көшбасшының туыстарына соққы жасалады. Әлемдік тәжірибедегі классика осы.
Азаттық: Өзбекстанды алсақ та болады.
Досым Сәтпаев: Онда көшбасшы қаза тапты, ал Гүлнара Каримованы Ислам Каримовтың кезінде-ақ түрмеге қамаған еді. Бірақ бәсекелес топтардың Гүлнара Каримованы мемлекеттік төңкеріс жоспарлады деп айыптағанына келсек, жағдай Қазақстандағыға ұқсайды. Ал қазір Қазақстандағы оқиғалар Назарбаевтың көзі тірісінде болып жатыр. Қаңтар оқиғасы сәл кештеу басталуы керек процессті жылдамдатты. Ерте ме, кеш пе Назарбаевтың белсенді саяси және басқарушы қызметтен алыстайтыны түсінікті. Бірақ қазір «Назарбаев пен оның отбасымен болған жағдайдан Тоқаев қандай сабақ алуы керек?» деген сұрақ қойылуы тиіс деп ойлаймын. Қазақстанда көп жұрт ол кезінде Назарбаев жасаған қателерді қайталамауға тырысады деп болжап отыр. Екінші мәселе «Тоқаев жүйені өзі кеткен соң да Қазақстанда жаңа Назарбаев пайда болмайтындай етіп өзгерте ала ма?» дегенге келіп тіреледі.
Азаттық: Әзірге Назарбаевтың өзі де кете қойған жоқ қой: конституцияға оны «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген статуспен енгізгелі жатыр емес пе?
Досым Сәтпаев: Тоқаев саяси және бизнес элитаның көбімен арасын суытып алмауға тырысып жатыр. Ол бұл адамдардың 90 пайызы Назарбаевтың ортасынан шыққанын түсінеді. Тоқаевтың өзі де сол ортадан шыққан. Назарбаевты тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы етіп бекітуге тырысу арқылы Тоқаев басқаларға бірінші президенттің жеңілісін тойлауға ниетті емес екенін білдіретіндей. Ол қандай да бір репрессиядан қауіптеніп, оған сақтықпен қарайтын мемлекеттік аппараттың белгілі бір бөлігінің қолдауын алуға тырысып жатыр. Сыртқы қысым факторын да жоққа шығаруға болмайды: Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев Тоқаевтан ғана емес, Путиннен де қауіпсіздігіне кепілдік алды. Қауіпсіздіктің бұл факторы Тоқаевтың конституцияда Назарбаевқа арнайы статус беру шешіміне де әсер етеді.
Азаттық: Бірақ оның туыстарына кепілдік берілген жоқ қой?
Досым Сәтпаев: Қазір Тоқаев «бірінші президенттің отбасы» деп аталатын ортаға шабуыл жасап, негізгі адамдарға соққы жасап жатқанына назар аудару керек. Мұнда Назарбаевқа берілген қауіпсіздік кепілдігіне не кіретініне байланысты. Бұл кепілдік тек бірінші президенттің өзі мен оның жақын туыстарына қатысты ма? Әлде оған тек Назарбаев кіріп, қалған туыстары кірмей ме? Бұл ресми емес келісімнің жөн-жосығын әзірге білмейміз. Бірақ Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың ұсталуы арқылы Тоқаев қоғамға ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізген, Назарбаевтың ортасына кіретін олигархтарға, бұрынғы элита өкілдеріне қарсы соғыс жүргізе бастағанын көрсетуге тырысып жатыр деп ойлаймын.
Тоқаевтың әлдебір текетіресті Сатыбалды мен Боранбаевтан бастауы оның әзірге ең негізгі адамдарға тиіспей отырғанын көрсетеді. Бірақ бұл адамдардың қамауға алынуы арқылы Тоқаев классикалық схеманы іске қосты: қазір бірінші президенттің отбасындағы негізгі ойыншыларға қатысты куәгерлер деректері мен әшкерелейтін материалдар жиналып жатыр деп ойлаймын. Болашақта бұл компромат Назарбаев отбасының басқа мүшелеріне қатты соққы жасауы мүмкін. Бұл Назарбаевтың көзі тірісінде бола ма, ол жағы түсініксіз. Бірақ Назарбаев саясат сахнасынан мәңгілікке кеткенде тегеурінді әрі жаппай шабуыл болатынына жүз пайыз сенімдімін. Орталық Азиядағы басқа елдерде мұндай жағдай бірінші президенттің өлімінен соң болған еді.
Экс-президенттің отбасы мүшелерінің көбі шетелге қашты. Бұл жерде Тоқаев тарапынан біршама қате кетті. Бюрократиялық аппарат пен мемлекеттік биліктің басқа да аппаратында тетіктері бар қалталы қарсыластарының болуы қандай да бір араздық туғызуы мүмкін. Әрине, Қазақстан ел ішінде оларға қарсы қылмыстық іс қозғайды, халықаралық іздеу жариялайды, Интерполды араластырады, бұл адамдардың белгілі бір бөлігін Қазақстанға қайтарып, сот тергеуін жүргізуге де тырысуы мүмкін.
Бұл Тоқаевтың ашуына тиетінге ұқсайды. Ол элита ішіндегі қауіпті жою үшін жауларды достарынан да жақын ұстауы керек екенін түсінеді. Бірақ бұл жүйе сәтсіз болды. Қаңтар оқиғасы кезінде ол Назарбаев туыстарының Қазақстаннан кетуін тоқтата алмады, ал бұл оған қауіпті белгі саналады.
«ОЛАРҒА ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЕМЕС, ЖАҢА ҚОЖАЙЫН КЕРЕК»
Азаттық: Жуырда Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар оқиғаларынан кейін алғаш рет жұрт алдына шығып, астанада өткен жас суретшілер көрмесіне барды. Бұл нені білдіреді?
Досым Сәтпаев: Назарбаевтың жұрт алдына шығуы да, Қаңтар оқиғасындағы үндеуі де келісілген, тіпті, оны Тоқаевтың ортасы белгілеп берген болуы мүмкін. Назарбаев оның статусын конституцияда бекіту туралы әңгіме айтылмас бұрын жұрт алдына шыққанын да айта кету керек. Осы арқылы Тоқаев оның биліктің бейбіт транзитін қолдайтынын көрсеткендей болды. Оған бірінші президенттің кепілге алынбағанын, мемлекеттік төңкеріс құрбаны емес екенін, жүйенің ішінде қалғанын көрсету маңызды болды. Сөйте тұра ол Назарбаев кей туыстарын ұстауға келісім бергенін де көрсеткісі келгендей. Бұл шетелде тығылып жатқандарға Назарбаев Тоқаевтың жағында екенін көрсететінін, екінші президент қабылдап жатқан шешімдерді белгілі бір деңгейде қолдайтынын білдіретін белгі болды деп ойлаймын.
Азаттық: Жуырда мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Алматыдағы «Алтын орда» базарындағы заң бұзушылықтар туралы айтқанда «ешкім жазасыз қалмайды» деп, бірінші президенттің інісі Болат Назарбаевты меңзегендей болды. Осындай әрекеттер арқылы жаңа билік әділдік орнатып жатқандай әсер қалдырғысы келетін сияқты.
Досым Сәтпаев: Қазір бірінші президент пен оның отбасын ең қатты сынап жатқан адамдар – Назарбаев кезінде мансапқа жеткендер. Олар жақында ғана Назарбаев жүйесін асыра мақтап, астананың атын ауыстыруды қолдап шыққан еді. Бұл жерде мәселе Қазақстандағы бюрократиялық жүйе мен саяси элитаның психологиясында жатыр. Бұл – үнемі біреуге тәуелді жағымпаздар психологиясы. Оларға жаңа қамқоршы керек, жүйеде қалатынына кепіл керек. Ал мұны Тоқаев қана бере алады.
Бұл адамдарға «жаңа Қазақстан» емес, жаңа қожайын керек болғандықтан, олармен жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Олар оған қызмет етуге дайын, бірақ бұрынғы жолмен қызмет еткісі келеді. Олар елге де бұрынғыдай қарайтын болады. Олардың бәрі осы жүйенің өнімі болғандықтан, жоғары лауазымды шенеуніктердің абайлап болса да Назарбаев құрған жүйені сынай бастағаны күлкілі көрінеді. Бюрократиялық аппаратты тұтастай өзгерту керек. 80 пайызын жаңарту керек, себебі ескі кадрлармен жаңа ештеңе құра алмайсың. Отыз жыл бойы азаматтардың 1990 жылдары уәде етілген жарқын болашаққа деген үмітін өлтіру үшін бәрін істеген адамдармен жаңа Қазақстан құру мүмкін емес.
Билік Қазақстан халқы саясаттан хабардар емес, саясатқа қызықпайды деп ойламауы керек. Халық шын мәнінде өзгерісті қалайды, үкіметте де, президент әкімшілігінде де, әсіресе аудандардағы әкімдер арасында жаңа адамдардың болғанын қалайды.
Азаттық: Бірақ «жаңа Қазақстан» идеясын айтқан Тоқаевтың өзі де Назарбаев жүйесінің өнімі емес пе?
Досым Сәтпаев: Әрине. Ол басқа жүйені көрген емес. Саясат жайлы айтқанда психологиялық жағдайларды да ескеру керек: адам отыз жыл бойы автократиялық жүйеде қалыптасып, мансап жасаса, оның жүйені өзгерте қоюы екіталай. Ол өзіне ыңғайлы, авторитар механизмнің, оның бүкіл құрылымының қалай жұмыс істейтінін жақсы біледі. Сондықтан ол қазір өзгерістер саясатын емес, өте көп ресурс кететін саяси технологияны ұсына алады. Атап айтқанда блогерлер мен билікті жақтайтын сарапшыларды жұмылдыру, олардың қатысуымен іс-шаралар өткізу, жаңа алаңдар секілді технологиялар пайдаланады. Яғни, өзгеріс имитациясы бар сияқты көрінеді, ал мемлекеттік басқару жүйесінің өзі еш өзгермейді.
14