Дональд Трамптың денсаулығына қатысты жаңалық пайда болды

Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамптың медициналық тексерісінің нәтижелерін жариялады. Қорытындылар X әлеуметтік желісінде жарияланған құжатта көрсетілген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Құжатта Трамптың талдау нәтижелері мен ағза жүйелерінің жалпы жағдайы жазылған. Атап айтқанда, оның бойы — 190 сантиметр, салмағы — 101 килограмм. Жүрек-қантамыр, тірек-қимыл, тыныс алу және басқа да жүйелерінің жағдайы қалыпты екені көрсетілген.

Сонымен қатар, 2024 жылы жасалған колоноскопия кезінде Трамптан дивертикулёз және ішек полипі анықталғаны нақтыланған. Бұған қоса, күн сәулесінің әсерінен президенттің терісіне жеңіл зақым келген.

Бұған дейін хабарланғандай, Трамптың физикалық және когнитивтік жағдайы мемлекет басшысы міндеттерін атқаруға жарамды деп танылған. Оның дәрігері де саясаткердің белсенді өмір салтын ұстанатынын атап өткен.