Домбыра үйреткен: Алматы облысында 14 жастағы қызбен жатқан мұғалім қонақ үйде ұсталды

Алматы облысында 14 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсті деген күдікпен домбыра үйірмесінің ұстазы ұсталды, деп хабарлайды Qazaq.today.


Екеуінің қонақ үйге барып, бөлмеге бірге кіргені бастан-аяқ бақылау камерасына жазылған. Көп ұзамай полицейлер келіп 33 жастағы жігіттің қолына кісен салған. Ал қонақүйдің қожайыны бұл оқиғаның қасақана ұйымдастырылғанын айтады. Себебі, кәмелетке толмаған қыз бұған дейін де дәл осылай өзге азаматқа қастандық жасаған деп отыр.

Информбюро тілшілерінің мәліметінше, оқиға Өтеген батыр ауылындағы «У Розы» қонақ үйінде болған. Түнгі сағат 2-ден аса қонақ үйге ер адам кіреді. Қызметкерден бөлменің бағасын сұрағасын, сыртқа шығып, жанына жас қызды ертіп қайта келеді. Ақшасын қолма-қол төлеп, екеуі бос бөлмеге қарай кетеді. Олар бөлмеге кіргеннен кейін көп ұзамай қонақүйге полицейлер келеді.

Қонақүй қожайынының айтуынша, бұл құрыққа түсіру айласы. Ал Алматы облысы полиция департаменті бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

“Полиция күдіктіні анықтап, ұстап аудандық бөлімшеге жеткізді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жәйін жан-жақты, толық әрі обьективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде”, – деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Меруерт Морякова.
Полиция “16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу” бабы бойынша іс қозғағанын атап өтті. Қылмыс дәлелденсе күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.