Биылғы 5 наурызда валюта айырбастау бекеттерінде америкалық валютаның құны Қазақстан тарихында болмаған биікке дейін көтерілді (1 доллар үшін 525 теңге сұралды). Еркін сатылымнан доллар жоғала бастады. Білетін жұрт банктердің ұялы қосымшалары арқылы электронды түрде айырбастауға жүгірді. Кеңес кезіндегідей валютаның «қара базары» пайда болды (OLX-та 1 доллар 750 теңгеден сатылды).
Кейінгі аптада керісінше үрдіс белең алды. Шетелдік валюта құнсыздану жөнінен рекорд орнатты. Ақпандағы бағамға жуықтады.
Шетелдік валюта осынша арзандайтындай не болды?
Жасыратыны жоқ, бұл үрдіс Қазақстанда емес, Ресейде бастау алды. 23 наурызда РФ Президенті Владимир Путин «қастық пиғылдағы мемлекеттерге» бұдан былай газды тек рубльмен сатуға шешім қабылдағанын жариялады. Бұл хабар алдымен Еуропа елдерін қатты абыржытты. ЕО тұтынатын «көгілдір отынның» жартысына жуығын Ресей қамтамасыз етіп отыр. Осы мәлімдемеден кейін құрдымға құлап бара жатқан ресейлік рубль тосыннан күшейе жөнелді.
Еуропа 2021 жылдың өзінде «Газпромнан» 38 млрд долларға газ сатып алыпты. Егер олар Мәскеу биржасынан осынша миллиард долларға рубльді сатып алса, рубль құнды тауарға айналмақ. Путиннің сөзінен кейін Мәскеу биржасындағы доллар бағамы 101 рубльден төменге құлдырады. Оның алдында 140 рубльге дейін шарықтаған еді. Сонымен бірге теңге де нығая бастады.
Әрине, ізінше Еуропа елдері газ үшін рубльмен есептеспейтінін үзілді-кесілді мәлімдеді. Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен газ бен мұнай жеткізілімдері үшін ақыны рубльде талап ету біріншіден, Ресейге санкцияны айналып өтуге мүмкіндік беретінін, екіншіден, бұл келісімшартты бұзу болып табылатынын айта келе, осы себепті Еуропаның бұған келісе алмайтынын жеткізді.
Бұған жауап ретінде РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «рубль болмаса, газ да жоқ» деп шорт кесті. Осы белгісіз жағдай рубльдің ары қарай нығаюына ықпал етуде. Кремль Еуразиялық одаққа мүше елдермен сауда-саттығын да рубльге көшіріп жатыр.
Дегенмен кейбір экономистер, қаржыгерлер рубльді асқақтатқан мұндай «ойын» ұзаққа созыла алмайды деген пікірде. Өйткені біріншіден, Еуроодақ елдері наурыздағы саммитінде табиғи газды бірлесе сатып алуға көшетін болып келісті. Тиісінше, қандай да бір мүшесі осалдық танытып, «Газпроммен» рубльде есептесуін болдырмайды. Әйтпесе, 2019 жылғы наурызда Германия 80 млн текше метр газды сынақ ретінде «Газпром экспорттан» рубльге сатып алған болатын.
Екіншіден, бүкіл тұтынатын газының 40%-дайын «Газпромнан» сатып алатын ЕуроОдақ қазір Ресейге тәуелділігін күрт азайтуға ниетті. Ресейге бәрінен көп тәуелді Германияның Экономика министрі Роберт Хабек Катарға және БАӘ-ге сапарлап, энергетика саласында ынтымақтасу мәселесін талқылады. Осы орайда Reuters «Ямал–Европа» құбыры бойынша газ айдау тоқтатылғанын хабарлады. Бүгінде «көгілдір отын» негізінен Украина аумағы арқылы айдалуда.
Сарапшылар рубльдің халықаралық есеп айырысуға арналған әлемдік валюта болып есептелмейтінін ескертеді. Сондықтан шетелдік компаниялар мен банктер мұндай төлемдерді өңдеуге дайын емес.
Онда неге рубль нығайып, доллар арзандады?
Рубль тек В. Путиннің тосын шешімі арқасында нығайып жатыр деу әбестік. Ресей валютасын күшейтудің астарында өзге де «ойындар» жатқан көрінеді. «БКС Мир инвестиций» фирмасының қор нарығы бойынша сарапшысы Михаил Зельцер Ресейдің 2 миллиард доллар тұратын төл облигацияларын мерзімінен бұрын, шұғыл түрде рубльмен өтеп, жауып жатқанын жеткізді. Яғни кезінде осы құнды қағаздарды, Ресейдің қарызын биржа арқылы долларға сатып алған инвесторлар онысын рубльмен қайтарып алуға мәжбүр.
Шығысеуропалық Algotech финтех-компаниясының аналитиктері де осы жайтқа назар аудартты.
«Облигациялардың мерзімінен бұрын өтелуіне қарап, Мәскеудің күн сайын ойдан шығарылған бағамды жариялап, рубльді жасанды түрде нығайтуының астарында не жатқанын түсінуге болады. Соның кесірінен қазір инвесторларға салымдарын $1=80 рубль бағамымен алуға тура келеді. Алайда олар дәл сол бағаммен Ресейде долларды сатып ала алмайды. Себебі долларды пайдалану Ресей аумағында іс жүзінде тоқтатылды. Негізінен, бұл шарадан ресейлік облигацияларды ұстаушылар зардап шегеді. Ал Мәскеу қомақты қаражат үнемдейді», – делінген Algotech-тің трейдерлерге арналған хабарламасында.
Ресейлік экономист Сергей Андреев рубльдің нығаюына ресейліктердің долларды пайдалануына шектеу қойылуы әсер етіп отыр дейді.
«Орталық банк жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да шетелдік валютаны қолдануына, шешіп алуына, шетелге шығаруына тыйым салып тастады. Бұрын банктерден, айырбас бекеттерінен долларды халық пен бизнес көп сатып алатын. Енді ол жоқ. Сұраныс күрт азайған соң бұрынғы алапат қысым да кеміп, бағамның құлдырауына түрткі болды. Бірақ рубльдің дүркін-дүркін сабан ақшаға айналып тұратынын ұмытпаған кейбір саналы тұрғындар айналма жолдармен болса да, жинақтарын долларға көшіруін жалғастыруда. Долларды кейін қара нарықта қымбатқа сатқысы келетін алыпсатарлар тарапынан да, шетелге экспортқа шығатын компаниялар тарапынан да валютаға сұраныс сақталуда», – дейді экономист.
Оның байламынша, Кремль өз халқын «долларды ұстаудан енді түк мән қалмады, одан еш пайда жоқ» дегенге сендіріп бағуда. Кезінде КСРО да соған ұмтылды, қолында доллары бар азаматтарды қудалайтын.
«Алайда Кеңес одағының өз жүйесі, тіпті соцлагерь елдері кіретін өз әлемі болды. Одан айырмашылығы, Ресей қазір нарықтық жүйеге кіріккен, әрі жақын серіктестестері де тым аз. Шетелде демалатын, байлығын сонда жұмсайтын ресейліктер саны миллиондап саналады. Демек рубль бағамы әзірше әкімшілік тетіктер арқылы төмендетілуде. Доллардың ғаламат құлдырағанына қарап, көптеген адам рубльдің фантастикалық қабілетіне сеніп қалды. Тіпті Қазақстанда рубльге сұраныс күрт артқанын білдім. Бірақ менің байламымша, мұндай төмен бағам ұзақ сақтала алмайды. Нарық қайтадан ырысыздандырылып, өз заңдылығымен жұмыс істей бастағанда, рубль бағамы да қатты құлауы мүмкін», – деген пікірде ресейлік экономист.
Әзірше ресейлік «пропаганда» халықты шетелдік валютаның бұдан былай қажет болмайтынына сендіруге тырысуда. Ресейлік әлеуметтік желіде «доллар күйреді», «ол дәретхана қағазы болуға да жарамай қалады», «рубль қуат жиып, долларды ауыстыратын әлемдік валютаға айналды» деген фейктер таратылып жатыр. Осы шулаған хор астында «АҚШ күйремей, доллар ешқашан күйремейді», «егер рубль сонша қуатты болса, онда неге Орталық банк шетелдік валютаны пайдалануға қойылған шектеулерді алып тастамайды?» деген сарапшылардың сарабдал үні мен ескертпелері естілмей қалды.
Рубльге ерген опа таппайды
Қынжылтатыны сол, Ресейдің идеологиялық айдынына тартылған Қазақстанда да біраз азамат доллары мен теңгесін рубльге айналдыруға асықты. Ертең рубль кезекті рет сабан ақшаға айналса, соның кесірінен жинағынан айырылған қазақстандықтардың бір бөлігінің тұрмысы күрт төмендейді, әл-ауқаты құлдырайды деген сөз. Оларды осал топ ретінде қолдау ауыртпалығы Мәскеуге емес, Қазақстан Үкіметіне түседі. Осыған қарамастан, Қаржы нарығын реттеу агенттігі де, Ұлттық банк те қамсыз, сырттан қарап қана отыр. Билік қаржы пирамидаларының да кең қанат жаюына жол беріп қойғаны есте.
«Егер Ресейде валютаны халық пен бизнестің қолдануына қойылған шектеу жойылса, доллар бағамы 20-30%-ға көтерілуі мүмкін. Әрине, Түркиядағы кешегі келіссөздердің нәтижелері соғыстың аяқталатынына деген үмітті оятты. Бірақ ол уағдаластықтарға Ресейдің де, Украинаның да жұрты қарсы шығып жатқанын ескерсек, оның рубльді нығайтуға үлесі шамалы. Қазіргі кезде рубльдің бағамын мемлекет жасанды түрде белгілеп отыр деуге болады. Оны нығайтуға экспорттаушыларды долларлық табыстарының 80%-ын ішкі нарықта рубльге айырбастауға міндеттеу үлес қосуда. Қалай болғанда, рубльдің нығаюының астарында нарыққа қайшы, кеңестен қалған әкімшілік тетіктер, біздің өнімдерді тұтынушыларға қысым механизмдері тұр. Мұндай тіректерге сүйенген валютаның күні санаулы болмақ», – деген ойда С. Андреев.
Теңге де осы айда нығаю жөнінен рекорд орнатты. Қазақстанның валюта айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев теңгенің күшеюіне рубльдің нығаюы серпін бергенін айтады.
«Теңге/рубль байланысы жойылған жоқ, сондықтан теңге рубльдің соңынан еріп, өрге беттеді. Өйткені екі елдің экономикалары тығыз интеграцияланған. Егер Ресей-Украина шиеленісі шешілмей, ушыға берсе, рубль алда әлсірейді. Батыс елдері жаңа санкцияларды әзірлеп жатыр. Дәл қазір рубльдің, теңгенің алдағы тағдыры не болатынын айту қиын», – дейді А. Ғалымбаев.
Қазақстандық экономист Владислав Туркин теңгенің нығаюы уақытша болуы мүмкін деп болжайды. Ал рубль – толығымен мемлекет басқаруындағы, конвертацияланбайтын валютаға айналған. Ендеше Кремль рубль үшін өзі қалаған кез келген бағамды белгілей алады. Егер теңге оның ізімен еретін болса, жарға жығылуы ғажап емес.
Айтқандай, бүгін таңертең елордалық айырбастау пунктерінде 459 теңгеге дейін құлдыраған доллар бағамы кешке қарай 469 теңгеге дейін күрт көтерілді.
Жанат Ардақ, inbusiness.kz