Бүгінгі таңда, 11 cәуірде 1 АҚШ доллары 505,76 теңгені құрайды. Қазақстанда доллар бағамының күрт қымбаттауы бірнеше негізгі факторларға байланысты болуы мүмкін. Qazaq Today ақпарат порталы доллардың күрт өсуінің ең ықтимал себептерін анықтауға тырысты.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнай бағасының күрт төмендеуі еліміздің экономикасына, мемлекеттік кірістер мен теңге бағамына айтарлықтай ықпал ететінін мәлімдеді.
Бірақ бұл – Қазақстанның бақылауындағы жағдай емес, сол себепті тек дайындықпен қарсы тұру қажет деді ол.
1. Әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер
- АҚШ-та Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені көтерсе, доллардың жаһандық сұранысы артады. Бұл өз кезегінде басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның да ұлттық валютасына қысым жасайды.
2. Мұнай бағасының төмендеуі
- Қазақстан – мұнай экспорттаушы ел. Егер Brent немесе WTI маркалы мұнай бағасы төмендесе, ұлттық валюта әлсірейді, себебі елге келетін шетел валютасының көлемі азаяды.
3. Ішкі сұраныстың артуы
- Долларға деген ішкі сұраныстың күрт өсуі (мысалы, халықтың немесе компаниялардың жаппай доллар сатып алуы) валюта бағамына тікелей әсер етеді.
4. Инфляция мен монетарлық саясат
- Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты, инфляция деңгейі де теңгенің әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Мысалы, базалық мөлшерлеме төмендесе, теңгеге деген қызығушылық азайып, доллар бағасы көтеріледі.
5. Геосаяси факторлар
- Ресей мен басқа ірі серіктес елдердегі жағдайлар, санкциялар немесе саяси тұрақсыздық теңге бағамына жанама әсер етеді.
Мұнай бағасы құлдырай берсе, доллар тіпті 600 теңгеге дейін шарықтап кетпей ме? Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифингте осы сұраққа жауап берді.
«Егер мұнай арзандаса, бұл сөзсіз экономикамызға әсер етеді. Бұл – шындық. Бірақ біз оны өзгерте алмаймыз. Ең бастысы – дайын болу, және біз қазір соған нақты қадамдар жасап жатырмыз», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Журналистердің «Үкімет пен Ұлттық банктің балама жоспары бар ма?» деген сұрағына Сүлейменов:
«Қазір біздің ғимаратта Үкімет, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің өкілдері отырып, осы мәселеге қатысты жұмысты атқарып жатыр. Қолымызда мықты макроэкономикалық модель бар. Сол негізде біз «Б» немесе «С» жоспары сынды балама сценарийлерді әзірлеп жатырмыз. Қажет болса, келесі аптада оны ресми түрде жариялаймыз», – деп жауап берді.
Қазақстандықтар ақшасын қандай валютада сақтайды?
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов халықтың депозиттерге қатысты көзқарасын айтты. Оның сөзінше, былтыр қараша-желтоқсан айларында теңге қысымға ұшыраған кезде сарапшылар арасында теңгелік салымдардан валюталық депозиттерге жаппай ауысу болады деген болжамдар айтылған.
Бірақ 2025 жылдың бірінші тоқсанының деректері бойынша, ондай үрдіс байқалмайды. Адамдар теңгеге деген сенімін сақтап отыр. Теңгедегі салым мөлшерлемелері де инфляцияны жабуға жеткілікті деңгейде, бұл адамдарға нақты табысын сақтауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі уақытта депозиттердің долларлану деңгейі 22,5 пайызды құрап отыр. Бұл — тарихи минимумға жақын көрсеткіш. Былтырдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш 21,8% болған. Яғни өсім небәрі 0,7 пайызды құрайды. Бұл доллардың әлемдік нарықтағы нығаюымен байланысты.
Яғни, нақты долларға ауысу, жаңа шоттар ашу үрдісі жоқ. Адамдар ақшасын теңгеде ұстап отыр, — деді Ұлттық банк төрағасы.