Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген бельгиялық әнші Лара Фабианның Voices туры аясындағы концертінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл туралы ақпарат OVO Arena Wembley-дің Instagram парақшасында жарияланған. Концерт Лондондағы OVO Arena Wembley сахнасында өтеді.
«Екі феномальды әртіс», — деп жазылған парақша хабарламасында.
Айта кетейік, жуырда Димаш Құдайберген желідегі парақшасында жаңа бейнебаяны туралы хабармен тыңдарманын қуантты.
«Достар! 15 мамырда сағат 20:00-де (Астана уақыты) YouTube желісінде «Тау ішінде» бейнебаяны жарық көреді! Премьера құрметіне – челлендж: бейнебаянмен байланысты ең көп қаралған және қызықты видеоға қомақты сыйлық беріледі!» — деді әнші.
Челленджге қатысу үшін 30 секундтық видеоны TikTok немесе Instagram желісінде «tauishindechallenge» хэштегімен 8-25 мамыр аралығында жариялау керек, деп түсіндірді әнші.
Өнерпаз челлендждің қорытындысын 26 мамырда Алматыда өтетін фан-кездесуде шығаратынын атап өтті.
«Жүлде — жеңімпазға өз қалауынша менің жеке концертіме жолдама сыйға тартылады (Барселона, Берлин, Лондон, Рига). Ұшақ билеті мен қонақ үй құны ұтыс ішіне кіреді», — деп жазды Димаш.