«Депутат күріш егуге кедергі келтіріп отыр»: Қызылорда облысында шаруалар конкурстан жеңіп алған жерін ала алмай жүр

Қызылорда облысында әкімдік өткізген конкурстың соңы дауға ұласты. Салдарынан Сырдария ауданындағы шаруа қожалықтары биыл да күрішсіз қалмақ. Мемлекет меншігіндегі суармалы жерлер күріш өсіру үшін шаруа қожалықтарына конкурс арқылы бөліп берілген. Алайда әкімдіктің бұл шешіміне мәслихат депутаты қарсы шыққан. Жүздеген гектар алқапты өзіне ала алмай қалған облыстық мәслихаттың депутаты жергілікті шаруалардың жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, әкімдікпен де соттасып жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі Azattyq Rýhy-қа сілтеме жасап.

Сырдария аудандық әкімдігі 3 мамыр күні 540 гектар жерді 9 қожалыққа жалға беру үшін конкурс өткізген. Байқауға қатысып, 156 гектар жерді жеңіп алған адамның бірі – Серік Арықов. Ол байқауға құжаттарын ұсынып, 15 адамнан тұратын комиссияның алдында өзінің инвестициялық жобасын қорғап шыққан. 2007 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысатын «Жандос» шаруа қожалығы күріш өсіріп, картоп егуден бөлек асыл тұқымды ірі қараны да бағады. Мемлекеттен берілген жерге 500 млн теңге қаржы салу арқылы, өңірдегі күріш өсіру көлемін арттырмақ болған. Алайда аяқастынан шыққан даудың кесірінен ауыл адамдары жұмыссыз қалып, жер тағы да уақытылы пайдаланылмай қалмақ, дейді қожалықтың төрағасы.

«Ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық техникамыз бар. Жыл сайын 170 гекатр суармалы жерге күріш өсіреміз. Жуырда Сырдария аудандық Жер қатынастары бөлімі өткізген конкурсқа қатысып, 156 гектар алқапты жеңіп алған едік. Ауылдың 10-нан астам адамына қосымша жұмыс орны ашылады, жерді тиімді игеруді қолға аламыз деп жоспарладық. Бірақ биыл да ол жерлер бос қалмақ. Өйткені, бізге 20 жылға жалға берілген жерді Қызылорда облысы мәслихатының депутаты Расул Есенов өзіне алмақшы болды. Әкімдік өткізген конкурста 156 гектар жер үшін үш шаруа қожалығы қатысып, депутат жеңіліп қалды. Оның соқасы да, жермен айналысатын жұмысшылары да жоқ. Осы өңірде екі үлкен көлге иелік етеді. Көмір сататын базасы да бар. Оның сыртында көптеген шара қожалықтарына жерді жалға беріп, инвестор ретінде пайда табады.

Конкурстан жеңілген мәслихат дептутаты әкімдік өткізген конкурс заңсыз деп соттаспақ. Ол конкурстың нәтижесін жоққа шығарту үшін Сырдария аудандық әкімдігіне қарасты Жер қатынастары бөлімін сотқа берді. Үшінші тарап ретінде мен де сотқа қатысам. Сонда сырттан келгендер, жерді тікелей өздері пайдаланбаса да оған иелік еткісі келетін шенділер бәрін ала беруі керек пе? Олар қашан тояды? Жергілікті халық, ауылдың тұрғындары өз жеріне неге иелік ете алмайды?!» — деді С. Сейфуллин ауылының тұрғыны Серік Арықов.

Сырдария ауданының әкімдігі Президенттің тапсырмасына сәйкес игерілмеген жерлерді анықтап, оны конкурс арқылы қожалықтарға бермек болған. Биыл жалпы көлемі бір мың гектар жерді конкурс арқылы үлестіруді жоспарлапты.

Жер алғысы келген кәсіпкерлердің бәсекелесі, тартысы жоғары. Аудандық жер қатынастары бөлімі өткізген 156 гектар жер үшін 6 қожалық қатысқан. Соңында үздік шыққан үш қожалықтың әрқайсына комиссия ең жоғарғы 20 балл беріп, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты, өзге де бөлім басшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері дауысқа салу барысында «Жандос» шаруа қожалығы жеңімпаз деп танылған.

«Бұл даудан хабарым бар. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін 3 мамыр күні конкурс өткіздік. Барлығы 540 гектар жерге иелік ететін 9 қожалық анықталды. Ал оның ішінде осы 156 гектар жерге иелік ету үшін Алдаберген Құлбаевтың төрағалығындағы «Қызылдихан» шаруа қожалығы, Расул Есеновтың басшылығындағы «Углесбыт» ЖШС конкурсқа қатысқан. Алайда ережеге сәйкес «Жандос» шаруа қожалығы жеңімпаз атанды. Қатысушылардың инвестициялық сомасы, жинаған балдық көрсеткіші және комиссия мүшелерінің дауысы ескерілді. 15 адамнан тұратын комиссияның 11-і жиынға қатысты.

«Углесбыт» ЖШС бастығы сотқа талап арыз түсірді. Оның сөзінше, конкурс «дұрыс» бағаланбаған. Оның талап-арызына байланысты Жер кодексінің 43/1 талабы бойынша біз конкурстағы хаттамалар негізінде жеңімпаз болған Серік Арықтың әрі қарай құжаттарының рәсімделуіне тоқтау салдық. Бірақ біз конкурстың заңды, ережеге сай өткізгенін сотта дәлелдеу үшін дайындап жатырмыз. Конкурсты өткізу кезінде ешқандай заң талаптары бұзылған жоқ. Сотта бәрінің заңды, дұрыс, әділ өткенін дәлелдеп береміз», — деді Қызылорда облысы Сырдария аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы.

«Жандос» шаруа қожалығының жеңімпаз атануына комиссия бірнеше себепті таңдапты. Егіс алқабын тиімді пайдаланып, жергілікті халықты жұмыспен қамтудан бөлек, ауылдағы көпбалалы және жағдайы нашар отбасыларға тұрақты көмек көрсетуін, мешіт қызметкерлеріне тұрақты айлық төлеп отыруын, спорт кешеніне 5,5 млн теңге бөлу арқылы жаңартып беруін, балабақшадағы айлығы аз тәрбиешілерге үнемі қамқорлық танытуын негізге алған. Ал сырттан келіп жерге иелік ететіндер ауылға көмек жасамай, тек пайда табуды ғана ойлайды.

«Конкурстан ұтылып қалса да тоқтау, қанағат деген жоқ. Тұқым себудің уақыты өтіп барады. Депутаттың кесірінен жерге мемлекеттік актіні ала алмай отырмын. Әр гектарынан кемі 5 тонна күріш алсақ, сонда мен биыл 600 тонна күріштен құр қалып тұрмын. Барлық техникам бар. Байқаудың шартында жергілікті фермерлерге басымдық беріледі, ол үшін жинайтын балл саны да артығымен беріледі. Бірақ оны есепке алмай-ақ, инвестжоба арқылы біз жерді жеңіп алдық. Алайда депутаттың шығарған дауынан соң құжаттарды рәсімдеу тоқтап тұр. Маған берілген аумақ бұрынан күріш егіп отырған жеріме де жақын, суды тиімді қолдануға да мүмкіндік бар еді. Енді міне депутат бәріне кедергі келтіріп отыр», — деді «Жандос» шаруа қожалығының төрағасы Серік Жәкебайұлы.

Күрішпен күн көрген Сыр өңірінің шарулары сот арқылы тағы бір сыннан өтпек. С.Сейфуллин ауылындағы дауды аудандық емес, бірден Қызылорда облысындағы азаматтық істерге арналған сот алқасы бүгін, 25 мамыр күні қарамақ.