«Декретке миллионмен» курсының авторлары жазалануы мүмкін

Олар бұған дейін жүктілік пен босану төлемдерінің сомасын үлкейтудің әдісін үйрететін консультациялық қызметтердің үстінен шағым түсірген еді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова БАҚ өкілдеріне жүктілік пен босану төлемдерін шамадан тыс рәсімдеген 113 адамға 16 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. Журналистер «осы қылмыстық істердің арасында «Декретке миллионмен» курсының авторлары бар ма?» деп сұраған.

«Бүгінде біз әлеуметтік желілерде үшінші тұлғалардың тарапынан әртүрлі консультациялық қызметтің, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілері мен декреттік демалысқа шығуды жоспарлап отырған әйелдер арасында «формалды» еңбек шарттарын жасасу арқылы әлеуметтік төлемдерді жоғары мөлшерде алу тәсілдерінің айтарлықтай өскенін байқап отырмыз», – делінген жауапта.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар өз жұмысын атқарып жатқан көрінеді.

«Аталған мәселе бойынша министрлік пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өзінің құзыреті бойынша тиісті іс-шаралар жүргізу үшін құқық қорғау органдарына бірқатар өтінішке бастамашылық жасады. Қозғалған қылмыстық істер шеңберінде жедел тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді», – деп жазылған жауапта.