Әнші Наркенже Серікбаева мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директоры Ғалымжан Ерназаров арасындағы дауға байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, тараптар өзара келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Кешелі бері маған жанашырлық танытып, қолдау білдіргендеріңізге рақмет. Бүгін әкімдіктен комиссия құрылып, біз Ғалымжан мырзамен бір-бірімізді түсіндік. Бір-бірімізден кешірім сұрадық. Қолдауларыңызға рақмет», – деді Наркенже Серікбаева.

Филармония директоры Ғалымжан Ерназаров бұл жағдайдың көпшілікке таралып кеткеніне өкініш білдіріп, дау-дамайды ушықтырмауға шақырды:

«Көпшілікке таралып кеткен соң, облыстық мәдениет басқармасы мен әкімдіктен комиссия келді. Комиссия екі тараптың арыз-өтінішін қарады. Екі жақтың да бір-біріне реніші жоқ. Екі жақ та келісті. Одан әрі дау-дамай тудырып, ушықтырудың қажеті жоқ», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желіде видео жариялап, филармония директоры тарапынан анайы ұсыныс естігенін мәлімдеген болатын. Оның ішінде «иіскегім келеді» деген сөздер қоғамда қызу пікірталас туғызды.

Кейін Ғалымжан Ерназаров өзіне жала жабылғанын айтып, Наркенже Серікбаеваны сотқа беретінін жариялады. Ол бұл дауда заңды жолмен күресуге бел буғанын, өз беделін қорғауға ниетті екенін жеткізген болатын.