Даңқ алаңында ұятсыз би билеген қыздарға айыппұл салынды

Павлодар сотында 9 мамыр қарсаңында Жеңіс саябағында әдепсіз би билеп, видео түсірген екі оқушы қызға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы сотқа сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде «саябақты қорлап жатырмыз» деген жазумен жарияланған видео қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Желіде жарияланған видеодан биді төрт қыз билегенін көруге болады.

“Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 2 мамырда сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған қыздар Ж. мен И. Павлодар қаласындағы Даңқ алаңында болып, Даңқ ескерткіші мен Мәңгілік алаудың жанында ұятсыз билермен бейнеролик түсірген, солайша  Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 434-бабының 4-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылықты жасаған”, – делінген сот хабарламасында.

Сотта екі кәмелетке толмаған қыз кінәсін толық мойындаған. Қыздар саябаққа хореографтың шақыруы бойынша басқа қыздармен бірге Жеңіс күніне арналған бейнеролик түсіру үшін барғанын айтқан.

“Ж.-ның айтуы бойынша, TikTok әлеуметтік желісінен көрген трендті түсіру үшін әдепсіз би билеген. Түсірілген бейнеролик Instagram желісіндегі жабық парақшаға «саябақты қорлаймыз» деген орынсыз жазумен жарияланған”, – делінген сот таратқан хабарламада.

Сот өкілдері тағы бір қыз осыған ұқсас түсініктеме бергенін атап өтті.

Сот кәмелетке толмаған қыздарды әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 39 320 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.