Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының сынынан кейін «Қазақстан халқына» қорынан 1,5 млрд теңге шамасындағы қаражат үнемделді.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Coursera платформасының курстарын сатып алуға 2,5 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсамақ болған.
Алайда депутат Нартай Аралбайұлы әлеуметтік мәселені шешу мақсатында құрылған «Қазақстан халқы» қорының әлемдік курстарды сатып алумен айналысуы орынсыз екенін айтып, мәселені парламент қабырғасында көтерді.
Нәтижесінде, аталған мәселе шешімін тауып, курстардың қазақшалануы Coursera-ның өз есебінен жүргізілетін болды.
«Қазіргі таңда бұл мәселе толығымен шешілді. «Қазақстан халқына» қоры тек қана лицензия сатып алуға көмектесті. Ал курстардың аударылуы толыққанды Coursera-ның өзінің есебінен жасалып жатыр. Яғни «Қазақстан халқына» қорының да, бюджеттің де ақшасы курстарды аударуға жұмсалмайды»,-деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Депутаттың сынынан кейін, қордан тек лицензиялар сатып алуға 800 млн теңге бөлінді, осылайша 1,5 млрд теңге шамасындағы ақша үнемделген.
Qazaq.today