Coca-Cola-ның 28 миллион бөтелке сусынынан металл бөлшектері табылды

Аустрияда Coca-Cola зауытындағы жарты литрлік Coca-Cola, Fanta, Sprite және MezzoMix бөтелкелерінен металл бөлшектері табылып, 28 миллион бөтелкеге шағым түскен. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат порталы АРА порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Деректерге сүйенсек, бұл сусынның ең көп данасын қайтарған жағдай Аустрия тарихында бірінші рет болып отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша мәселенің себебі құю желісіндегі сүзгінің сынуынан болуы мүмкін. Салдарынан кейбір бөтелкелерге сусынмен қоса металдың кішкентай бөліктері түсіп кеткен.

Coca-Cola әзірге зардап шеккен жағдайлар тіркелген жоқ деп сендірді. Компания салдарын жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын жеткізді. Сатып алушылар ақаулы өнімді дүкендерге қайтарып, ақшалай өтемақы ала алады.

95 жылдық тарихы бар Аустриядағы Coca-Cola зауыты жыл сайын шамамен 471 миллион литр сусын шығарады. Ол – 900-ге жуық қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отырған аймақтағы ірі өндіруші.