Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс, деп өз сөзінде жас буынға қашан да демеу беріп отырады. Сондай-ақ, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке дарынды балалардың қабілетін арттырудың жол картасын әзірлеуді тапсырған еді. Осы орайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің мерейтойына орай 25 талантты студенттің өлеңі енгізілген «Сыр сандық» атты кітапқа өзінің жалынды жырларын қосқан жас талант Дариға Нысанқұлмен болған сұхбатын ұсынады.
«Алдымен өзімді көпшілікке қысқаша таныстыра кетейін. Мен, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылында дүниеге келдім. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып жатырмын. Менің де өлеңге келуім атақты ақындардың сұқбатында айтатыны секілді. Көп оқушылар секілді мен де мектеп кезінен әдебиетке, шығармашылыққа құштар болып өстім. Ең сүйікті пәнім де — қазақ тілі мен әдебиеті болды. Әдебиет арқылы өлеңге ғашық болдым.Аса қатты мәнін түсінбесем де өлең арқылы өмірді сүйе бастағанымды сездім. Өлеңге, әдебиетке деген кіршіксіз махаббатым мені армандарыма адал болуға тәрбиеледі. Әйтсе де поэзияның құдіретін дәл сол уақытта жіті түсіндім деу әрине, қате. Дегенмен, нақты өлеңге деген қызығушылық бастауышты аяқтап, орта буынға ауысқан шақтарда басталды. Өлең жаза алатын қабілетімнің барын алғаш байқаған – ұстазым болатын. Ұстазымның жетелеуімен жүріп өз жолымды айқындап алдым. «Жақсы өлең жазу үшін көп кітап оқығаның дұрыс», — деп ұстазым айтқаннан бастап, кітаптарды жиі оқып, күнделік жаза бастадым. Көп жарыстарға қатысып, әдеби ортамен араластым. Бұның барлығы жазу машығыма өз көмегін тигізді. Әрине, сол уақыттағы өлең деп жазғандарымды оқысам күлкім келеді. Барлығы тәжірбие, уақыт,ізденіс және оқу арқылы түзеледі екен. Қазір көп өлең жазып жүрген жоқпын. Өзгелерді білмеймін, бірақ өзім жазғандарымнан қыздар поэзиясына тән нәзіктік және лириканы байқаймын. Көбінесе сол бағытта жазатын сияқтымын. Әрине, жүрек жырлағанды жазуға тырысады. Өлеңдерім аз да, көп те емес. Мүлде оқымайтын жарамсыздары да бар. Кейде өлеңдерімді «ақынмын» деп өзін жарнамалап жүргендердің қасында салыстырсам, өлеңімнің өресі биік, кей мықтылардың қасында әлсіз болып көрінеді. Ал бұл дарын кімнен дарыды дейтінге келетін болсақ, бұл дара өнер өзімнің атамнан дарыған. Нысанқұл атам — өз ортасында сыйлы, суырыпсалма ақын болған. Көзім көрмесе де, көнекөз қарттардан, ауылдың алтыауызынан атам жайында жақсы естеліктерді, ақындық өнері туралы мақтау сөздерді көп естеймін. Әулетімізде маған ған дарыған өнер болғандықтан да болар, бала жүрегім үшін бұл үлкен жауапкершілік әрі зор мақтаныш болатын. Оны мектеп қабырғасында жазған мына жыр шумақтарынан да аңғаруға болады.
«…Жалындап жырмен құлының, Атыңды биікте ұстап кіл.
Жалына жармастым жырыңның, Сен жазған қаламды ұштап бір.
Өлеңмен өркендеп өсіп балаң, Қабілет-қарының көшіп маған.
Мен де дәл сендей арманға еріп, Өлеңнің өлкесін кешіп барам.
Ботаңның көргенде жарқ етерін, Сол күйі бақытты болар ма едің?
Атыңды ешқашан өшірмеуге, Ата, мәңгілік ант етемін!». Сол кезден бастап мендегі ең негізгі басты мақсат-атамның есімін өшірмей, қай жерде болмасын абыройын асқақтатып,өлеңге адал болу», деді Дариға.
Бұдан бөлек Дариға Нысанқұл өзі шығарған өлеңдерінің жазылу тарихымен де бөлісті.
«Өзіме ең қатты ұнайтын өлең – «Арайлы Ақтөбе» — деп аталады. Мектеп кезінде жазсам да өзіме сондай ыстық. Достарыма да сол өлең ерекше ұнайды. Содан да болар өлең сұраса болды зор мақтанышпен осы өлеңнен бастайды екенмін. Өздері де үнемі «Ақтөбеңді оқышы» — деп әзілдеп жатады. Мінсіз өлең болмаса да, туған жер тарихынан сыр шертетін, қасиетті өлке тудырған ұлылардың есімі аталып, туған жермен сырласа отырып жазылған өлең.Бұл өлеңнің жазылуы да мен үшін қызық. Үйімде өзіме арналған шағын шығармашылық бұрыш бар. Мен үшін шығармашылықтың қай түрімен айналыссам да ойымды жинақтау үшін тыныштық пен жалғыздық маңызды. Әдетте кей шимай-шатпақтарды жазып қолыма қалам алған кезде көп ойланып, бастап кете алмай қиналып отыратынмын. Ал бұл өлең ауылдан ауданға бара жатқан жолда көлікте жазылды. Сөздер өзінен өзі төгіліп келіп жатқанда қатты таңқалған едім. Ұзақ ойланып,қиналмадым. Ерекше сезімнен шыққанын іштей түсіндім. Одан кейін де жазылған өлеңдер бар. Десе де осы өлеңеңнің мен үшін жөні бөлек», деді ол.
Жас таланттың сөзінше, ақындық өнер көпке бұйыра бермейтін бақ.
«Ақындық-көпке бұйыра бермейтін үлкен бақ. Бұл өнер — біреулерге туабітті дарыса, кейбіреулер өлеңнің техникасын жан-жақты зерттеп, болмаса көп оқып ақын болып жатады. Бірақ, оқырманға ұнамдысы шын ақындар. Мен өзімді жазатын қабілетім болса да, әзірге ақынмын деуге ұяламын. Өлеңге енді-енді қадам жасап жатқандықтан, толысар шағым алда деп ойлаймын.Соған қарамастан поэзияның өміріме енгізген өзгерістері мен бергені мол болды. Жыр додаларына қатысып, ширай жүріп өз деңгейімді білдім. Өлең-дүниетанымымды кеңейтіп, еркін ойлы, ақиқатшыл болуға тәрбиеледі. Дәл қазіргідей қалыптасуыма осы өнерімнің көп жерде ықпалы болғанын байқаймын. Ақындық өнер — үлкен әдеби ортамды қалыптастыруыма көмектесіп, өте мықты достар сыйлады. Мектеп кезінде «көріп кездессем, тілдессем ғой» — деп армандайтын атақты ақындармен жолығуыма да себепші болды. Несіпбек Айтұлы секілді аса көрнекті ақындардан бата алдым. Мектеп бітіріп Астанаға арман қуып келген кезімде өлең өлкесінде бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтар Серікзат Дүйсенғазыдай ұстаз жолықты. Ал жетістіктеріме тоқталар болсам, анау айтқандай көп жетістіктерім жоқ. Дегенмен, өлеңдерім «Мен жастарға сенемін» және жақында Еуразия ұлттық университетіндегі жас 25 ақының өлеңдерінен құралған кітапқа өлеңдерім енді. Баспасөз беттерінде де жарияланып жүр. Жетер жетістіктерімнің әлі алда екеніне сенемін».
Сонымен қатар кейіпкеріміздің үлгі тұтар тума таланттары көп болып шықты.
«Қазақ поэзиясындағы аға буын өкілдері мен жаңа буын жас толқындарды тең оқимын десемде болады. Тек біреуін ғана сүйікті деп айта алмаймын. Барлығымыздың сүйікті ақындарымыз санайтын Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әлиды сынды мықты ақындарды оқымау мүмкін емес. Қазіргі адуынды ақындардан Маралтай Райымбекұлы, Есенғали Раушанов, Бауыржан Бабажанұлы, Ерлан Жүніс, Айжан Тәбәракқызы, Жадыра Байбұланованың шығармашылығы ерекше ұнайды. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, айтар ойы бар. Өз замандастарымның ішінде де дараланып келе жатқан жас ақындар жетерлік».
Сөз соңында Дариға Нысанқұл ақын ретінде қандай арманы барын айтып берді.
«Ақын Жанат Әскербекқызы айтпақшы, «Өлең — ақынның шалқар шабыты мен асқан сезімталдығынан туатын құбылыс. Мәтін астарында өмірлік қалтарыс-бұлтарыстар, көңіл иірімдері, қуанышы, шаттығы, күйініші мен сүйініші өріліп отырады». Өлең — жүрек сөзі. Ішкі жұмбақ әлеміңнің айнасы.Ол — мәңгілік өмір. Сондықтан да мен үшін аса бағалы. Бұрымымдай өрілер өміршең өлеңдерім көп болса екен тілеймін. Болашақта толысып, жетілген кезде кітап шығарсам ғой деп армандаймын. Әр беті қайырылып, оқырманның ойға түйіп алар, оны ойландырар тұсы болса қуанар едім. Өзім болашақ баспагер-редактор ретінде кітап шығару жағы оңайға түсуі мүмкін , дегенмен менің ойымша өлеңге деген құр махаббаттан ештеңе шықпайды. Даму мен ізденіс жаңа ойларға, шексіздікке жетелейді. Қадыр Мырза Әли: «Табиғат берген жалғыз талантпен таңғажайып туынды жасау бұл дәуірде тіптен миға сыймайды…Өз әдебиетің түгіл, өзге әдебиетті, бүгінгіні ғана емес ,кешегіні де жетік білуің қажет. Заман-энцеклопедиялық білімнің заманы. Қанағат — өнерге жат қасиет. Ізде, ізде, ізден! Іздедің бе — тап !Таптың ба -тағы да ізден!»- дейді. Арманым – жағама жалқаулықты жармастырмай, іздену, оқу. Ақын деген ат қалыптастыру басты мақсатым емес. Бастысы -адамдықтан айнымау. Армандарыма сенемін!», деді ол.