ҰБТ-ға өзгеріс енгізілді

Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі бұйрығымен Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлады Qazaq Today ақпарат порталы.

«ҰБТ қағаз немесе электрондық форматта Ұлттық тестілеу орталығы арқылы немесе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында, не болмаса Ұлттық тестілеу орталығы айқындайтын ұйымдарда өткізіледі. ҰБТ-ға қатысуға өтініш (қағаз және электрондық форматта) Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында онлайн режимде қабылданады», — делінген құжатта.

Министрдің бұйрығына сәйкес, негізгі өзгерістер мүгедектігі бар мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу тәртібіне қатысты.

«Қағаз немесе электрондық форматта ҰБТ-ға қатысу үшін мүгедектігі бар балалар мен мүгедектігі бар тұлғалар (көру, есту, тірек-қимыл аппараты қызметтерінің бұзылуы бар) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» (НҚА мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32922 тіркелген) бұйрығына сәйкес мүгедектік белгіленгені туралы құжатты ҰБТ-ға өтініш беру бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесіне тіркейді. Сондай-ақ, көру, тірек-қимыл аппараты қызметтерінің бұзылуы бар мүгедектігі бар балалар мен тұлғалар үшін пән мұғалімі емес көмекшіні және есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар балалар мен тұлғалар үшін ым тілін меңгерген маманды ұсыну қажеттігі туралы қосымша мәлімет көрсетіледі», — делінген бұйрықта.

Сондай-ақ құжатта келесі мәселелер атап өтіледі:

  • Шетел тілін (ағылшын тілін) меңгеру деңгейін жалпы еуропалық шетел тілін меңгеру құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес растайтын халықаралық сертификаттары бар тұлғалар өз қалауы бойынша ағылшын тілі бойынша бейіндік пәннен немесе «Шетел тілі» (ағылшын) арнайы пәнінен босатылады;
  • TOEFL ITP, TOEFL IBT, IELTS секілді ағылшын тілін меңгеру бойынша халықаралық сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-ға немесе конкурсқа қатысу үшін өтініш берген кезде сертификат мәліметтерін көрсетуі тиіс;
  • SAT, ACT, IB, A-Level, TOEFL ITP, TOEFL IBT, IELTS сияқты халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-ға өтініш беру деректер базасына мәліметтерді енгізіп, сертификат көшірмесін жүктеуі қажет.
  • ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген, алайда тестілеуге қатыспаған талапкерлерге, тест өткізу күндері бос орын болған жағдайда, сол кезеңнің ішінде бір күнге тестілеуге қатысу мүмкіндігі беріледі.
  • Бұл мүмкіндік келесі дәлелді себептер болған жағдайда қарастырылады:
  • денсаулығына байланысты, тестілеу күнімен сәйкес келетін № 026/у нысанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысы немесе амбулаториялық картадан үзінді жазба/ауру тарихынан анықтама болған жағдайда;
  • «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 1-бабы 13) тармақшасында көрсетілген жақын туыстарының қайтыс болуын растайтын құжаттар болған жағдайда;
  • республикалық және халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына (ғылыми жарыстарға), орындаушылар байқауларына, кәсіби шеберлік байқауларына және спорттық жарыстарға қатысқан жағдайда (жаңа норма);
  • төтенше жағдайлар болғанда.

Сонымен қатар:

  • ҰБТ қағаз форматында тапсыратын талапкер құжаттарды қоса тіркеп, мемлекеттік комиссия төрағасының атына ҰБТ-ны қайта тапсыруға өтініш береді;
  • ҰБТ электрондық форматында тапсыратын талапкер құжаттарды қоса тіркеп, Ұлттық тестілеу орталығы директорының атына ҰБТ-ны қайта тапсыруға өтініш береді.

Тестілеу келесі мерзімдерде өткізіледі:

10 қаңтар — 10 ақпан аралығында:

  • жалпы орта білім беру ұйымдарының 11 (12)-сынып түлектері үшін, қалауы бойынша жоғары оқу орындарына (ЖОО) ақылы негізде оқуға түсу мақсатында;
  • өткен жылдардағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін, республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге;
  • шетелде білім алған жалпы орта білім беру ұйымдарының түлектері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматы емес, қазақ ұлтына жататын тұлғалар үшін, білім беру гранттары конкурсына немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге;
  • ЖОО-ға күндізгі оқу түрі бойынша ақылы негізде қабылданған, алайда ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл жинай алмаған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін немесе ҰБТ нәтижелері жойылған тұлғалар үшін, сол календарлық жылы ақылы негізде қайта оқуға түсу үшін;
  • шығармашылық даярлықты қажет ететін білім беру бағдарламалары бойынша оқитын және басқа білім беру бағдарламаларына ақылы негізде ауысқысы келетін ЖОО студенттері үшін;
  • «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша білім беру бағдарламаларына ақылы негізде ауысқысы келетін ЖОО студенттері үшін.

1 наурыз — 6 сәуір аралығында (бұрын — 1–31 наурыз):

  • жалпы орта білім беру ұйымдарының 11 (12)-сынып түлектері үшін, қалауы бойынша ЖОО-ға ақылы негізде түсу мақсатында;
  • өткен жылдардағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін, білім беру гранттары конкурсына немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге;
  • шетелде білім алған жалпы орта білім беру ұйымдарының түлектері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, қазақ ұлтына жататын тұлғалар үшін, білім беру гранттары конкурсына немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге;
  • ЖОО-ға күндізгі оқу түрі бойынша ақылы негізде қабылданған, бірақ ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл жинай алмаған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін немесе ҰБТ нәтижелері жойылған тұлғалар үшін, қайта оқуға түсу мақсатында.

10 мамыр — 10 шілде аралығында (бұрын — 16 мамыр — 5 шілде):

  • биыл жалпы орта білім беру ұйымдарының түлектері үшін республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға, ақылы негізде ЖОО-ға түсуге, немесе республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға (қалауы бойынша);
  • өткен жылдардағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге (қалауы бойынша);
  • жоғары білімнің қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін, білім беру гранты конкурсына қатысуға (қалауы бойынша);
  • шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының түлектері мен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, қазақ ұлтына жататын шетелдік тұлғалар үшін грант конкурсына немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге (қалауы бойынша);
  • ЖОО-ға күндізгі оқу түрі бойынша ақылы негізде қабылданған, шекті балл жинамаған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмеген немесе ҰБТ нәтижелері жойылған тұлғалар үшін сол жылы ақылы түрде оқуға түсу мақсатында.

Осы кезеңде тапсырылған ҰБТ нәтижелері:

  1. білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға,
  2. немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге жарамды деп есептеледі.

10 — 20 тамыз аралығында:

  • биыл орта білім беру ұйымдарының түлектері үшін білім беру гранты конкурсына, ақылы негізде ЖОО-ға түсуге немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға (қалауы бойынша);
  • өткен жылдардағы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін грант конкурсына немесе ақылы негізде оқуға (қалауы бойынша);
  • шетелде білім алған түлектер мен қазақ ұлтына жататын, бірақ ҚР азаматы болып емес тұлғалар үшін грант конкурсына немесе ақылы негізде ЖОО-ға түсуге (қалауы бойынша);
  • ақылы негізде күндізгі бөлімге қабылданған, бірақ шекті балл жинамаған, бейіндік пәндері сәйкес келмейтін немесе нәтижелері жойылған талапкерлер үшін қайта түсу мақсатында;
  • шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары бойынша оқитын және басқа бағыттарға ауысқысы келетін, сондай-ақ «Педагогикалық ғылымдар» саласына ауысқысы келетін студенттер үшін (ақылы негізде).

«10 мамыр — 10 шілде аралығында ҰБТ тапсыратын тұлғалар үшін бейіндік пәндерді өзгертуге жол берілмейді», — делінген құжатта.

Электрондық форматтағы ҰБТ-ға онлайн өтініш қабылдау мерзімдері:

  •  20 желтоқсан — 30 желтоқсан аралығында — талапкер бұл кезеңде тек 1 рет өтініш береді;
  • 15 ақпан — 25 ақпан аралығында — талапкер бұл кезеңде тек 1 рет өтініш береді;
  • 10 сәуір — 25 сәуір аралығында — талапкер бұл кезеңде 2 ретке дейін өтініш бере алады;
  • 25 шілде — 5 тамыз аралығында — талапкер бұл кезеңде тек 1 рет өтініш береді.

«Онлайн режимде ҰБТ-ға өтініш беру кезінде талапкер тестілеу пунктін, тестілеу күнін және уақытын өзі таңдайды», — делінген жаңа ережеде.