Фото: qazradio.fm
Белгілі әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы Ақтаудан 3 шақырым жерде құлаған Embraer ұшағының «қара жәшігін» Бразилияның CENIPA орталығына тапсыру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.
— Әлбетте, біз авиация саласының маманы емеспіз. Бірақ қазір ақпарат құралдарында жарияланып жатқан мәліметтерге қарап отырып, Қазақстанның қабылдаған шешімі дұрыс-ау деген пікірге келіп отырмын өз басым. Иә, Embraer — бразилиялық компания екені рас. Бірақ оның көптеген деталі әр түрлі трансұлттық концерндердің өнімі екенін де ескеру керек. Атап айтатын болсақ, оның қозғалтқышы — америкалық General Electric компаниясының өнімі. Сондықтан бразилиялықтар ұшақтың «қара жәшігін» зерттеген кезде міндетті түрде дыбыс жазу құралындағы ақпараттар мен техникалық көрсеткіштердегі мәліметтерді жан-жақты қарастырады деп ойлаймын. Ұшақтың қозғалтқышына байланысты, сөз жоқ, General Electric-тің мамандарымен ақылдасуы ықтимал. Сондықтан Қазақстанның «қара жәшікті» Бразилияға жіберуінде ешқандай мүдделер қақтығысын көріп тұрған жоқпын, — дейді әскери шолушы.
Оның пайымдауынша Бразилияның бейтарап позиция ұстануына ықпал ететін басқа да факторлар бар.
— Қазір әлемнің көптеген сарапшылары Ақтаудың маңында құлаған ұшақтың бортындағы ақауларға айрықша назар аударып отыр және оның сыртқы әсердің кесірінен бүлінгенін кез келген адам байқайды. Меніңше, бұл жерде Бразилия біршама бейтарап позицияда болады деп ойлаймын. Өйткені, компанияға өз өнімдерін халықаралық нарықта сату керек. Сондықтан олар біршама әділетті шешім шығарады-ау деген жеке өз пайымым бар. Егер саяси ықпалмен «ұшаққа құс соғылыпты», тағы басқа дейтіндей мәлімет тарататын болса, онда компанияның халықаралық нарықтағы бедел түседі. Мұндай оқиғаны зерттеушілер тек компанияның өкілдері ғана емес, өзге де мықты мамандар бар екенін ескеру керек. Сыртқы детальдерге қарап-ақ белгілі бір баға береді. Сол себепті, Embraer саясиланған шешімге барады деп ойламаймын, — деді ол.
Сондай-ақ Бразилияның халықаралық авиация тарихында белгілі мөлшерде қара жәшіктерді оқуда тәжірибесі барына да тоқталды.
— Өздері ұшақ өндіріп отырған мемлекет екенін ескерсек, мамандары жеткілікті деген пікірдемін. Мысалы, 2024 жылдың тамызында Бразилия жақта ұшақ құлаған. Оның енді маркасы басқа болды, әрине. Сонда құлаған ұшақтың «қара жәшігін» Бразилия мамандары ашып, ондағы ақпараттарды жариялады. Мысалы, ұшақ пилоттарының өзара әңгімесін жариялаған болатын. Сондықтан бұл жерде оларды тәжірибесіз деп бағалауға болмайтын шығар, — деді ол.
Сарапшы Қазақстанның «қара жәшікті» Бразилияның CENIPA орталығына тапсыру туралы шешімін оң бағалап отыр.
— Жалпы, Қазақстанның қабылдаған шешімі ең дұрыс шешім деп есептеймін, өз басым. Бұл жерде ұшақ Қазақстан аумағында құлады дегенмен, иесі — Әзербайжан. Қаза болғандардың көбі — Әзербайжан азаматы. Өкінішке қарай, отандастарымыз да бар. Дегенмен, ақы иесі Әзербайжан болғандықтан әрі қарай мәселенің қалай зерттелетініне сол ресми Бакудың және Бразилияның, Мәскеудің өзара ықпалдастығы әсер ететін шығар.
Меніңше, енді жасыратын ештеңе қалған жоқ. Көп маман оқиғаның қандай болғанын кемінде 80 пайыз дәлдікпен айтып отыр. «Зымыран соққысы болуы мүмкін» деген де нұсқа ашық айтылып жатыр. Сол себепті, Embraer мәселені жылы жауап қоя алмайтын шығар деген ойдамын.
Ал Қазақстанның ұстанымына келсек, енді бұдан кейінгі шешімдер тіке бізге қатысты емес. Өйткені, ұшақ біздің жерге құлады дегенмен, оның зақымдануында немесе қандай да бір кедергіге ұшырауында Қазақстанның ешқандай қатысы жоқ. Біз әуе кеңістігімізді бергенбіз және қажет кезінде адамдарды құтқаруға барымызды салдық. Тұтас Қазақстан халқы жұмылды деуге болады, — деді Амангелді Құрметұлы.
Ақпарат көзі: kaz.inform