Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында ауылшаруашылығымен айналысуға 698,2 млн. теңгенің жобасы әзірленді, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Баршаңызға белгілі қазіргі таңда ауыл халқының тұрмыс тіршілігін, әл – ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданды. Солардың бірі «Ауыл Аманаты» жобасы. Бұл жоба аясында ауданға қарасты барлық 9 ауылдық округ тұрғындары қатысуға ниет білдірді.
Осы округтарда 3 947 аула 14 495 тұрғын тіркелген, соның ішінде жұмыссыздар саны – 847 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 86 отбасы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 2552 адам.
Жамбыл облысының тәжірибесінде жүргізілген «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын республика көлемінде іске асыру бағытында ауданымызда барлық ауылдық округтерде жүргізілген скрининг нәтижесінде жобалар анықталды.
Жобаға 104 тұрғын қатысуға ниет білдіріп, өтінім беруде, барлық жоба құны – 698,2 млн. теңгені құрайды деді»,- аудан әкімі Тимур Серікұлы Шиниязов
Жүргізілген скрининг жұмыстары нәтижесінде несие алуға ниет танытқан тұрғындар көбіне сүтті-етті бағыттағы сиыр сатып алу, суармалы және үй жанындағы жерлерде бау-бақша өсіру, құс шаруашылығы мен шағын бизнесті дамытуды қолға алған.
Сондай-ақ аудан әкімінің айтуынша, биыл жергілікті кәсіпкерлермен 10 шағын инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның құны — 234 млн теңге. Жоба нәтижесінде ауылдарда 15 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Агроөнеркәсіптік кешен бойынша жоспарланған іс-шаралар шеңберінде ауданның мүмкіндіктерін ескере отырып, мал басын арттыру, соның ішінде шет елдерден асыл тұқымды малдар кіргізу, мал азығын дайындау үшін егетін шөп алқабын көбейту, бау-бақша дақылдарын егуді ұйымдастыру және басқа да шаралар қолға алынады.
Фото: ашық дереккөзден
Qazaq.today