БҚО-да жыл соңына дейін 11 млрд теңгеге 14 жоба іске қосылады

БҚО экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істер қолға алынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Оның айтуынша, облыс экономикасын әртараптандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның ішінде биыл 37 млрд теңгеге 45 жобаны іске қосу көзделген, күні бүгінге 26 млрд теңгеге 900-ден астам тұрақты жұмыс орнын құрумен 31 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 11 млрд теңгеге 14 жоба іске қосылады.

«Шетелдік инвесторлардың қатысуымен де өңірде бірқатар жобалар қолға алынуда. Релокация аясында 4,8 млрд теңгеге 265 тұрақты жұмыс орнын құрумен 5 жоба іске қосылды. Аталған инвестияциялық жобаларды жүзеге асыру өңірімізде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға, салықтық түсімдерді көбейтуге, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндіктер береді», — деді өңір басшысы.

«Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,6 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,2%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 20,5%-ға артып, 218 млрд теңгені құрады. Өсім металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, машина жасау, жиһаз, сусындар өндірісі салаларында байқалады», — деді Нариман Төреғалиев.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23%-ға артып, 429 млрд теңгені құрады. Соның ішінде, жеке инвестициялардың үлесі 348 млрд теңге немесе 81%-ды құрап отыр. Бұл жақсы көрсеткіш», — деді спикер.

Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2023 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары бойынша 38 млрд теңгеге 35 шарт жасалды.

БҚО-да 185 шақырым құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтіп саланың дамуына жаңа серпін берді. Осы бағытта облыста ауыл шаруашылығы жайылымдарын суландыру бағытында ұзындығы 185 шақырымды құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде»,-деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Өңір басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда ұзындығы 66 шақырым «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар, ұзындығы 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары жүргізілуде және ұзындығы 76 шақырымды құрайтын «Жайық-Шалқар» каналының жобалық құжаттамалары әзірленуде.

«Аталған жобалар Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, көршілес елден сатып алынатын Еділ суына тәуелділікті азайтуды көздейтін 178 шақырым Киров-Шежін суландыру жүйесін жаңғыртудың соңғы IV кезеңі аяқталды»,- деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Осы жүйе аясында сыйымдылығы 63 млн текше метрлік Киров су қоймасы қайта жаңғыртылуда, сонымен қатар сыйымдылығы 28 млн текше метр болатын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарлануда. Осы шаралардың нәтижесінде қосымша суармалы жерлерді қолданысқа енгізіп, мал азығын көбейтуге мүмкіндік пайда болады.

Qazaq.today