Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасының БҚО-да іске асырылу барысы туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Брифингке ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының м.а. Сержан Жаманқұлов, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Амангелді Ашиков қатысты.
-Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» монополиялардың пайдасын шектеу және инфрақұрылымды инвестициялармен қамтамасыз ету қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті. Себебі, елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57% және су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған. Тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру қызмет көрсету барысындағы іркілістерге, апаттарға, нәтижесінде азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан, монополиялық нарықтарда «Инвестицияларға айырбастау тарифі» жаңа тарифтік саясатына көшу қажет, — деді С.Жаманқұлов.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша коммуналдық желілердің тозу деңгейі орта есеппен 60% құрайды, оның ішінде Орал қаласы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 50,7% (ЖЭО жабдығының тозуы 87,8%), сумен жабдықтау желілерінің тозуы 61,5%, су бұру 60%, электр желілерінің тозуы 82%.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында департаментке реттелетін қызметтер бойынша тарифті бекітуге 18 өтінім, соның ішінде инвестициялық бағдарламаны бекітуге және бекітілген инвестициялық бағдарламаларға өзгерістер енгізуге 6 өтінім ұсынылып, бекітілді. 2 өтінімді қараудан бас тартылды, 2 өтінім толықтыру үшін қайтарылды.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының м.а. А.Ашиковтың айтуынша, 2023 – 2028 жылдар аралығында 4 мың шақырымнан астам инженерлік желілерге қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Нәтижесінде, электр желілерінің тозуы 20%-ға; жылумен жабдықтау желілерінікі 3,4%-ға; су құбыры желілерінікі 6,5%-ға; кәріз желілерінікі 5,3%-ға төмендемек. 2023 жылға бекітілген инвестициялардың көлемі 11,7 млрд. теңге.
-Жылу-энергетика саласына 2023 жылға бекітілген инвестициялардың көлемі 4,8 млрд. теңге, оның ішінде 3,8 млрд. теңге бюджеттік инвестициялық жобаларға көзделген, кәсіпорындардың өз қаражаты 1 млрд. теңге. Орал қаласы жылу электр орталығының өз қаражаты есебінен (931 млн. теңге) 4 негізгі жабдықты (№9 қазандық, №2,4 қазандық агрегаттары, №3 турбоагрегат) және 5,6 шақырым жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланды. Орал қаласы жылу электр орталығының жалпы тозуы 88% құрайды. Техникалық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жылу электр орталығының 11 ғимараты апатты жағдайда екені анықталды. Бүгінгі күні жылу электр орталығының 5 өндірістік ғимаратын (газ турбиналық қондырғы, негізгу корпус, жылу желілерін толықтыру, механикалық жөндеу шеберханалары, қызметтік тұрмыстық корпус) қайта құру және күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурстық рәсімдер жүруде. Қалған 6 ғимаратқа жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді 2024 жылы бастау көзделуде, — деді А.Ашиков.
Qazaq.today