БҚО-ның Казталов ауданы Сарыөзен мен Қараөзен бойын жайлаған тарихи өңір. Осынау тарихы тасқа қашалып, шежіресі құмға сіңген киелі жерде орта ғасырлардан жеткен тарихи-мәдени мұралар баршылық, деп хабарлайды Qazaq.today.
Бес ай бұрын жергілікті азаматтар тарихты зерттеу жұмыстарын қолға алды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың бастамасымен құрылған аудандық тарихи-танымдық экспедиция 3 кезең бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. 16 ауылдық округті қамтыған экспедиция жұмысы барысында 200-ден аса құлпытастар, ерте темір дәуіріне жататын 100-ге жуық обалар, ортағасырлық қалалардың орындары анықталып, құнды жәдігерлер және кеңестік дәуірдегі ескерткіштер табылды. Сонымен қатар, бірқатар ортағасырлық тұрақтар анықталып, жәдігерлер жинақталды.
Экспедиция жұмысының қорытындысында аудандық мәдениет үйінде «Топырағында тарих тұнған туған жер» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. «Менің кіші Отаным» тарихи-танымдық экспедициясының жұмысы туралы бейнефильм көрсетілді.
Жиында «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Жалпақтал филиалының директоры, модератор Миржан Маратұлы конференцияның өту барысына тоқталды. Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов төл тарихты түгендеуге атсалысқандарға алғысхаттар табыс етті.
Конференцияда «Egemen Qazaqstan» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, өңірімізге танымал журналист, «DANA.kaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы «Қос өзен елінен шыққан қос редактор» туралы, Батыс Қазақстан облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Ахмедияр Қуанұлы «Казталов және бұрынғы Фурманов аудандарының Ұлы Отан соғысына тартылуы» тақырыбында, М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Сабырғалиқызы «Батыс Қазақстан облысындағы саяси лагерлер» жөнінде, PhD докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Мұрат Дабылұлы «Казталов ауданының тарихи-мәдени ескерткіштері» туралы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Ерболатұлы Хайдаров «Таловка азаттық үшін күрес жылдарында (1917-1927 жж.)-Боқай Сәбитов, Ерғали Аязбаев, Нұғыман Досқалиев» туралы, тарих ғылымдарының магистрі, Ресей өлкетанушылар одағының мүшесі, «ҚР туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Айболат Шамұратұлы «Депортация және босқындар Қосөзен елінде» тақырыбында баяндамалар жасады.
Qazaq.today