БҚО-да әскери-оқу жаттығу жиындары өтті

2023 жылдың 4-13 қыркүйегі аралығында БҚО-дағы 99250 әскери бөлімі базасында әскери-оқу жаттығу жиындары өтіп, оған доғарыстағы әскери міндетті азаматтар шақырылды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Әскери жиын оқу дабылымен басталып, Бөрлі ауданы әкімдігі мен жергілікті әскери басқару органдары өзара үйлесе қимылдады. Нәтижесінде жаттығуға келген сарбаздар әскери командаларға бөлініп, тиісті бұйрықтар мен нұсқауларды алғаннан кейін Ақсай-Орал бағытында жорыққа аттанды. Оралға келгеннен кейін оларға әскери киім мен қару-жарақ берілді.

Айта кететін жайт, жаттығуға шақырылғандардың барлығы бұрын әскери борышын өтеген, темірдей тәртіп пен арнайы машыққа ие азаматтар. Сондықтан, олар түнгі дабылдарға, ерте тұруға, ұзақ қашықтыққа жүгіруге, аяқ астынан берілетін бұйрықтарға, полигондағы ату әзірлігіне, күрделі әскери-оқу тапсырмаларын шешуге толық әзір болды. Бір сөзбен айтқанда, әскерде алған білімдерін қайта еске түсіріп, жаңа тәжірибемен толықтырды, Қап тауындағы және Украинадағы жағдайға байланысты заманауи ұрыс тәсілдерін меңгерді. Мысалы, қалада және орманды-далада ұшқышсыз ұшатын аппараттармен және дрондармен күресуді үйренді.

Әскери жаттығуға шақырылғандардың бірі, кезінде Тәжікстан Республикасы аумағында бітімгерлік миссиясына қатысқан 3-сыныпты сержант Әлішер Ашурматов осы шараның өте пайдалы болғанын баса айтты. «Ұрыс қимылдарына қатысқан менің өзім қазіргі офицерлерден көп нәрсені үйрендім. Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері Одағы атынан полковник Расул Закиров басқарған әскери бөлімнің ұжымына үлкен алғысымды айтамын», — деді Ә.Ашурматов.

Әскери жиыннның қорытынды кезеңінде шынайы ұрысқа барынша жақындатылған арнайы тактикалық оқу сабағы өткізілді. «Тапсырмаға» сәйкес, заңсыз әскери құрылымдар Орал қаласының маңызды стратегиялық нысандарын басып алуға оқталады. Дабыл белгісі берілісімен, аумақтық қорғаныс ротасының сарбаздары «Интергаз» нысанын қорғауға жұмылдырылды. Нәтижесінде, жақсы қаруланған және саны жағынан басым шабуылдаушылардың барлық іс-әрекетіне батыл тойтарыс берілді.

Әскери оқу-жаттығу жиынын қорытындылай келе, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Бегімбет Тәжібаев айрықша көзге түскен сарбаздарды марапаттады.

 

Qazaq.today