Бостандық ауданының бюджеті биыл 1 млрд теңгеге ұлғайды

Бостандық ауданы инвестиция тарту және бизнес үшін қолайлы жағдай жасау бойынша қалада көш бастап келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тартылған инвестициялар көлемі шамамен 8% — ға өсіп, 430 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Бүгінде қаладағы әрбір бесінші шағын және орта бизнес субъектісі Бостандық ауданында. 2024 жылы аудандағы кәсіпорын саны өткен жылмен салыстырғанда 7,3% артып, соның нәтижесінде 12,9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Құрылыс көлемінің 8,5%-ға, ал бөлшек сауданың 34%-ға өсуі қала экономикасының жалпы өсуіне ықпал етті және салық түсімінің 27%-ға артуына (550 млрд теңгеден астам) себеп болды.

Қала басшысының айтуынша, аудан экономикасының қарқынды дамуы 2024 жылы оның бюджетінің 38%-ға ұлғаюына мүмкіндік берді, соның нәтижесінде бюджет көлемі 29,1 млрд теңгеге жетті. 2025 жылы аудан бюджеті тағы 1 млрд теңгеге өсіп, 30,1 млрд теңгеге жетті.

«2025 жылы қала және аудан әкімдіктерінің негізгі жұмыстары инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғыртуға, сапалы түрде көркейтуге және Бостандық ауданы тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады», – деп сөзін түйіндеді Ерболат Досаев.