Боксшы Данияр Елеусінов қазіргі демеушілері кім екенін айтты

Танымал қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов қазір кімдерден қаржы алатынын айтып берді, — деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Спортшы бұл туралы Ulysmedia YouTube арнасында берген сұхбатында сөз қозғады.

Данияр Елеусіновтің айтуынша, оның демеушілері қатарында кәсіпкер Айдын Жұмаділұлы мен Кеңес Рақышев бар екен. Оған дейін екі жыл кәсіпкер Данияр Абулғазин көмектесіпті. Ең әуелі қомақты қаржы берген де Данияр Абулғазин екенін атап өтті.

«Мен ол кезде IBF Intercontinental нұсқасы бойынша Джулиус Индонгоны жеңіп келген едім. Ол кісі қатты қуанды. Себебі енді ол Данияр әуесқой бокста жақсы еді, кәсіпқой бокста жолы болмайды, құлата алмайды, соққысы жоқ деген әңгімелерді естиді ғой. Индонго Кроуфордпен бокстасып ұтылды, алайда төрт белдіктің екеуі Кроуфордта, екеуі Индонгода қалған. Джулиус Индонго бұрынғы әлем чемпионы болғандықтан, мен үшін атағы бар спортшы болды. Кездесуде екінші раундта нокаутқа жіберген кезінде сол ағамыз да қуанды. Сен кәсіпқойда да бокстаса алады екенсің деп», — деген спортшы ағынан жарылды.

Данияр Елеусінов қаржылай көмектесіп жатқан демеушілер бар екенін, алайда қазір ірі көлемде қаржыландыру қажет екенін жеткізді.

«Көмектесіп жатқандар бар, дегенмен масштабный көмек керек болып тұр. Масштабный деген бала-шағама, күнделікті өміріме ғана емес, мен дегеніме жеткім келіп тұр ғой. Мықты қарсыласпен шығуым керек. Оның бәрі қомақты қаржы. Шоу өткізу керек. Промоутер болмаса, неге өз елімізде өткізбейміз? Біздің халық сенбейді, білемін, қазір анау мешоктарды алып келеді де, ұрады деп. Жарайды, мешокты алып келмейін, келісетін, аты бар спортшыны алып келейін. Бірақ тиісінше, ол өзінің тәуекелі үшін сондай қаржы сұрайды. Екі есе сұрайды, Қазақстанға келу үшін. Ол Америкада, Мексикада төбелесе беруі мүмкін, Қазақстанға келуге келісім бере ме, бермей ме, белгісіз», — деді Данияр Елеусінов сұхбатта.

45