Фото: depositphotos.com
Жамбыл облысында ер адам азаматтық некедегі әйелінің көлігін әдейі өртеп жібергені үшін сотталып кетті, деп хабарлайдыQazaq.today.
Соттың мәліметінше, А. есімді азамат бөтен мүлікті қасақана жою, яғни өртеу арқылы залал келтіру бабы бойынша айыпталған.
«Азаматтық некедегі жұп BMW 530i маркалы көлікті несиеге сатып алған. Жалпы құны – 4 миллион теңге, алғашқы жарнасы – 800 мың теңге болған», – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленуші И. есімді әйелдің жүргізуші куәлігі болмағандықтан, көлік уақытша А.-ның иелігіне берілген. Көлікке сақтандыру полисі де рәсімделген.
«2025 жылдың наурыз айының соңында олардың арасында жанжал туындап, соның салдарынан А. ашуға бой алдырған. Сотта айтылғандай, ер адам жанармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, көлікті далаға айдап апарып, бензинді салонына және қозғалтқыш бөлігіне төгіп, от қойып өртеп жіберген», – делінген соттың мәліметінде.
Оқиға нәтижесінде И. есімді жәбірленушіге 4,4 миллион теңге көлемінде материалдық залал келген. А. сотта кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды толықтай өтеген.
Сот А.-ны кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.